18 шіл, 2021 сағат 13:44

Итті азаптағандардың видеосы қазақстандықтардың ашуына тиді



Желіде итті тірідей өртеп жібергендердің видеосы тарады, деп хабарлайды Sputnik агенттігі.


Видеоны жануарларды қорғайтын бірнеше ұйым жариялады. Жанып жатқан ит қақпаннан шыға алмай азаптанады. Ролик бір минутқа жуық уақытқа созылады. Автор ит өлгенге дейін видео түсіруін тоқтатпаған.


Бұл жағдай қай елде болғаны белгісіз. Бірақ қазақша сөйлеген дауыстар естіледі. Автор ит қиналып өліп жатқанын айтады. Қолында бензинге ұқсас сұйықтық бар.


Волонтерлер ішкі істер министрлігін жағдайға назар аударып, кінәлілерді жазалауды сұрап отыр.


"Видеоны көрмеуге кеңес береміз. Біз оны барынша қысқарттық. Итті қақпанға бекітіп қойған сияқты. Ол ешқайда қашып кете алмады", - делінген жазбада.


Болған оқиғаға немесе видеодағы адамдардың жеке басына байланысты ақпараты бар қазақстандықтар құзырлы органдарға хабар бере алады.


Құқық қорғау органдары жағдайға қатысты әлі ешқандай шара қолданған жоқ. Қазақстандықтар оларды әлеуметтік желідегі парақшаларда белгілеп жатыр.