03 қыр, 2020 сағат 06:56

Италияда Венеция кинофестивалі басталды

Италияның Лидо аралында 77-ші Венеция кинофестивалі басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл - пандемия басталғалы бері осындай ауқымдағы ең алғашқы шара. Мысалы Канн фестивалін ұйымдастырушылар жұлдыздарды шақыруға қауіптенген болатын. Ал бұл жағдайда фестиваль онлайн форматқа ауыстырылған жоқ. Мұнда тек эксперимент кино байқауы ғана онлайн өтеді. 

Шарада қауіпсіздік талаптары сақталған. Көрермендер қызыл кілеммен жүріп өткен жұлдыздарды тамашалай алмады, залдағы орын саны азайған, ал масканы барлығы тағуға міндеттелді. 

«Біз халықтың көңіл-күйін көтеріп, оларға оптимизм сыйлағымыз келді. Сонымен бірге режиссерлер, продюсерлер, жалпы кино әлемінде жүрген барлық маманға қолдау көрсетуді ұйғардық. Одан бөлек, кинотеатр иелері бізге құлақ асады деп үміттенеміз, өйткені бұл жүйені қайта іске қосу керек. Жаңа карантинге бұл сала енді төтеп бере алмайды. Біз көпшіліктің сенімін қайтарып алуға тиіспіз», - дейді Венеция кинофестивалінің көркемдік директоры Альберто Барбера.

Кинофестивальдің ашылуына бір күн қалғанда «Молекула» атты деректі фильм көрсетілді. Онда иесіз бос қалған су үстіндегі қаланың тіршілігі туралы айтылады. Ол бүкіл Италияның коронавирус эпидемиясы кезіндегі жағдайынан хабар береді. 

«Мен біздің өміріміздің неге соншалықты шектеулі екенін зерттеп көргім келді. Пандемия осыны байқап, кәдімгідей сезінуімізге себеп болды. Одан қандай сабақ алуға болады? Бәлкім, соның бәріне үнсіз, күрессіз көндігу керектігін түсінген шығармыз» дейді режиссер Андреа Сегре. 

Іс-шараның ресми бағдарламасына 50 елден 60 кинокартина енгізілген. Соңғы 10 жылда алғаш рет италиялық лента фестивальді ашып берді, ол - Даниеле Лукеттидің «Бау» атты картинасы.