Фото: REUTERS
Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони өз елінде болған жойқын су тасқынына байланысты Қазақстанға жұмыс сапарымен келмейтін болды.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.
"Эмилия-Романья аймағында болған жойқын су тасқыны салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони табиғат апатынан зардап шеккен өңірлерге бару үшін Хиросимада өтіп жатқан G7 саммитіне соңына дейін қатыспай, еліне қайтып барады.
Келіп түскен мәлімет бойынша, Италияның солтүстігінде кем дегенде 40-тан астам елді мекен су астында қалып, 20 мыңнан астам адам баспанасынан айырылды. Осы себепке байланысты Италия Үкіметі басшысының Астанаға алдын-ал жоспарланған жұмыс сапары болмайды.
Италия тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелонидің телефон арқылы сөйлесуін ұйымдастыруды сұрады", - деп жазды Желдібай Facebook-тағы парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін Ақорда 22 мамыр күні Қазақстанға Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони жұмыс сапарымен келетінін хабарлаған еді.