Жерорта теңізінде 40 күн болып, Дания елінің кемесіне отырғызылған мигранттар тобына Италиядан түсуге рұқсат етілді, деп хабарлайды ВВС агенттігі.
Арасында жүкті әйел бар 27 мигрант Ливиядан 2 тамыз күні аттанғаны атап өтіледі. Мигранттар отырған қайық суға бата бастаған соң, Дания елінің жақын маңда жүзген Maersk Etienne танкеріне отырғызылды. Танкер теңізде бір айдан көп уақыт жүзді. Сенбі күні кешке кеме Италияның Сицилия жағалауына тоқтауға рұқсат алды. Сондай-ақ, мигранттар Mediterranea Saving Humans үкіметтік емес ұйымы ұсынған құтқару кемесіне отырғызылып, одан кейін Поццало айлағына жіберілген.
Mediterranea Saving Humans Twitter-дегі парақшасында бұл оқиғаны «еуропалық теңізде жүзу тарихында ең ұзақ және абыройдан жұрдай еткен жағдай болды» деп сипаттаған.
Грекияда босқындарға арналған Мория лагері өртенген соң, 12 мыңнан астам босқын панасыз қалғаны хабарланып отыр.
Reuters агенттігі былтыр Италия жағалауына 5200 мигрант түссе, биыл олардың саны шамамен 19400 адам болғанын атап өтті.
БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Еуропа жағалауына түскен мигранттардың жалпы саны 40 мың адамды құраған, соның ішінде 400-ден астам адам қаза тапқан немесе із-түссіз жоғалған. Еуропалық комиссия биылғы жылдың 30 қыркүйегінде иммиграция туралы жаңа келісімді таныстыруға дайындалу үстінде.