26 мау, 2025 сағат 16:29

IT-мамандарға арналған визаның алғашқы иегері анықталды

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Цифрлық даму министрлігі Digital Nomad Visa бағдарламасы аясында алғашқы қатысушыны таныстырды, деп хабарлайды Ult.kz.

Алжирден келген IT-маман Абдельмаджид Белмекки Қазақстанды Өзбекстан, Сингапур және Малайзия сияқты елдер арасынан таңдап алған. Ол бұл шешімін бағдарламаның қолжетімді бағасымен ($300) және табысқа қойылатын талаптардың болмауымен түсіндірді.

Абдельмаджид виза рәсімдеу процесін жоғары бағалап, бұл бастаманың жаһандық мамандарды тартудағы әлеуетін атап өтті. Ол бағдарламаны жақсарту үшін салық салу, заңнама және бизнес тіркеу мәселелері туралы ақпаратты кеңейтуді ұсынды.

Digital Nomad Visa және Residency бағдарламалары 2024 жылы жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы шетелдік мамандарды тарту мақсатында іске қосылған. Қазіргі уақытта бұл бағдарламаға 21 елден 152 өтінім түсіп, ең көп сұраныс IT, автоматтандыру және киберқауіпсіздік мамандарынан байқалуда.

Министрлік бағдарламаның тиімді іске асуы үшін арнайы акселерациялық топ құрған. Қазақстан цифрлық көшпенділер үшін ашық әрі ыңғайлы механизмді енгізіп, аймақтық цифрлық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуда.