16 қаң, 2020 сағат 12:10

Испанияда қазақстандық кәсіпкер көз жұмды

Испанияда қазақстандық азамат көз жұмды. Бұл жайлы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Испаниялық Eldia.es басылымы 53 жастағы кәсіпкердің Аликантедегі виллалардың бірінде көз жұмғанын хабарлаған болатын.

«Ер адамның денесін сейсенбі күні кешке бағбан тауып, хабар берген. Ол жедел жәрдемді, сондай-ақ азаматтық күзет пен жергілікті полицияның бірнеше патрулін шақырған. Ер адамның қайтыс болғанын білген мамандар істің мән-жайын ескере отырып, тергеушілердің келуін талап еткен. Марат Сабалақовтың денесі баспалдақтың астында етпетінен жатқан. Сондықтан бір нұсқа бойынша, ол құлап қайтыс болуы мүмкін. Алайда қарақұс тұсындағы соққыдан келуі мүмкін жарақат, сондай-ақ қан белгісінің үй ішінде де болуы – қылмыс болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды», - деп хабарлайды басылым.

Ал тағы бір испандық diarioinformacion.com сайты Марат Сабалақовтың қазасы қылмыстан емес, оқыс жағдайдан болғанын жазады.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Испанияда Қазақстан азаматының қайтыс болғанын растап отыр.

«Испания полициясы Қазақстан азаматының көз жұмғанын хабарлады. Сондағы консул істің мән-жайын анықтау үшін оқиға орнына аттанды», - деп хабарлайды ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.