13 сәу, 2020 сағат 21:55

Испанияда карантин талаптары біртіндеп жұмсара бастайды

Коронавирус өршуінен ең көп зардап шеккен елдердің бірі – Испания қатаң карантин режимін жұмсартуға кірісті. Бұл карантин елдің экономикасын тығырыққа тіреген болатын, деп жазады ВВС.

Өндіріс орындарында, құрылыс саласында және басқа да саладағы бірқатар қызметкерлердің жұмысқа оралуына рұқсат берілді. Бірақ олардың бәрі қауіпсіздік техникасы ережелерін қатаң ұстануға тиіс. Ал одан басқа халық бәрібір үйінде қалады. 

Испанияда қауіпті індеттен 17 500-ге жуық адам қайтыс болған. Әйтсе де, жаңадан жұқтыру фактілері азайып келеді. 

Дүйсенбіде елдің денсаулық сақтау министрлігі елде аурудан өлген халықтың саны азайғанын мәлімдеді. Соңғы 24 сағатта 517 адам қайтыс болған. Жексенбіде бұл көрсеткіш 619 болатын. Соңғы мәліметке сенсек, елде 17 489 адам коронавирустан көз жұмған. 

Жаңадан жұқтыру жағдайлары күн санап төмендеп отыр. Елде коронавирусқа шалдыққан 169 496 адам бар. 

Дүйсенбіде ел үкіметі 27 наурызда енгізілген кей шектеулерді алып тастады. Сөйтіп қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ кәсіпорындарды қайта ашуға рұқсат берді. 

Шенеуніктер қоғамдық көлікте жүргендерге 10 миллион масканы тегін таратуды көздеп отыр. 

Пасха – елдің басты мерекелерінің бірі. Бірақ биыл 1930 жылдан бері бірінші рет елде пасха шеруі болған жоқ.