Өзбекстан бас прокуратурасы елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова "жаза өтеу тәртібін бұзғаны" үшін сот үкімімен түзеу колониясына жіберілгенін хабарлады. Каримованың қызы Иман "анамды ұрлады" деп билікті айыптады.
"ЖАЗА ӨТЕУ ШАРТЫН ҚАСАҚАНА БҰЗДЫ"
Өзбекстан бас прокуратурасы 5 наурызда Яшнабад аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты "жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзған" Гүлнара Каримованың жазасын өзгерткенін хабарлады. Ішкі істер министрлігі жанындағы жазаны орындау қызметінің ұсынысы бойынша, сот 2018 жылдың маусымынан бері үйқамақта ұсталған Гүлнара Каримованы түзеу колониясына жіберген.
46 жастағы Гүлнара Каримованы сол күні Ташкенттегі қызының пәтерінен билік өкілдері алып кеткен. Бұл туралы оның қызы Иман Каримова Instagram әлеуметтік желісі арқылы жазды.
"Шамамен сағат 19:00 кезінде өзбек прокуратурасының қызметкерлері Ташкенттегі пәтеріме баса-көктеп кіріп келді. Мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан анам осы пәтерде 2018 жылдың маусым айының соңынан бері тұрады. Олардың [прокуратура өкілдері – ред.] бірі әуелі "басшылық" атынан анама қоқан-лоқы жасап, бірнеше минуттан соң прокуратураның өзге қызметкерлерімен бірге жетіп келіп, анамды белгісіз жаққа алып кетті" деп жазды ол.
Instagram-дағы аккаунтында бұлыңғыр бірнеше сурет жариялаған Иман Каримова "анамды ұрлап әкетті" деп билікті айыптаған.
Өзбекстан бас прокуратурасы Гүлнара Каримова 2018 жылы қарашаның 22-і күні пәтерінен өз бетімен шығып кеткеннен кейін оған ескерту жасалғанын айтады.
"Ескертуден қорытынды шығармаған Г.Каримова жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзуын қоймаған. Ол байланыс құралдарын, соның ішінде интернетті бірнеше рет пайдаланған; қылмыстық іс бойынша анықталған өзі келтірген зиянды өтеуге белсенді түрде бөгет жасаған" дейді прокуратура.
Билік Каримованың байланыс құралдарын қандай мақсатқа пайдаланғанын ашып айтпаған.
"БИЛІК МҰРАГЕРІНІҢ" ТҰТҚЫНҒА АЙНАЛУЫ
Осыдан оншақты жыл бұрын, Өзбекстанды уысында ұстаған президент әкесінің көзі тірісінде Гүлнара Каримова жарқыраған киімі және әншілік өнерімен жұрт назарынан түспейтін. Дипломатиялық салада қызмет атқарды. Кей сарапшылар оны елді 27 жыл басқарып, 2016 жылы қыркүйекте қайтыс болған Ислам Каримовтің биліктегі мұрагері санайтын.
Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримов (ортада) пен оның кіші қызы Лола Каримова-Телляева (оң жақта), жұбайы Татьяна, үлкен қызы Гүлнәра Каримова (сол жақта), жиені Ислам Каримов.
2013 жылы швециялық басылымдарда Өзбекстанға инвестиция салуға ықылас білдірген халықаралық коммуникациялық компаниялар Гүлнара Каримоваға пара беруге мәжбүр болғаны туралы жаза бастады. Орталық Азиядағы халқы ең көп постсоветтік елге мобильдік байланыс қызметін ұсынатындар қызыға қарайтын. Батыс басылымдарында жарияланған шулы мақалалардан кейін Швеция, Швейцария, Нидерланд, АҚШ және басқа елдерде тергеу басталып, ірі телекоммуникациялық компаниялардың іс-әрекетін тексерген.
2014 жылы Гүлнара Каримова көптің көзіне түспей кетті. Кейін Өзбекстан билігі жемқорлық және басқадай айыптар тағылып, үстінен іс қозғалған Гүлнара Каримованың үйқамақта отырғаны туралы ақпарат таратты. 2015 жылы тамызда Ташкент соты Каримованы салықтан жалтарды, қаржы жымқырды, бопсалады және оффшор компанияларының құжаттарын жойды деп айыптап, бас еркіндігін бес жылға шектегенін Өзбекстан ресми органдары тек екі жылдан кейін хабарлаған еді.
Гүлнара Каримоваға тиесілі делінген қаржының көбі - 800 миллион доллар Швейцария банктерінен табылып, бұғатталған. Каримоваға пара бергенін мойындаған голландиялық телекоммуникациялық компания АҚШ пен Нидерландқа 795 миллион доллар айыппұл төлеуге келісті. Бұл АҚШ тарихындағы ең ірі айыппұлдардың бірі болды.
Өткен айда Швеция соты Telia (бұрынғы TeliaSonera) телекоммуникациялық компаниясының бұрынғы үш жетекшісін ақтау туралы шешім шығарған. Оларға Гүлнара Каримоваға аса ірі көлемде пара берген деген айып тағылған болатын.
Азаттық
1941 рет оқылды