Алматыда «Іскерлік журналистика» кітабының тұсауы кесілді. Жас журналистерге көмекші құрал ретінде құрастылған кітапты бірнеше автор бірігіп жазған, – деп хабарлайды Ұлт ақпарат. Идея авторы және жоба жетекшісі «Іскерлік журналистика мектебін» ұйымдастырушы, 7kun.kz іскер жаңалықтар сайтының негізін қалаушы Ербол Азанбек.
«Журналистерге нұсқаулық түрінде «Іскерлік журналистика» кітабын құрастыру Орал, Шымкент қалаларындағы журналистермен кездестік, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің пікір, ұсыныстарын жинадық. Соның негізінде кітап жазылды. Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен жарық көргендіктен кітапты Қазақстандағы медиа ұйымдарға, журналистика факультеттеріне тегін таратамыз. Ал қалаған адам электронды нұсқасын 7kun.kz сайтынан жүктеп ала алады. Бұл жобаны қолдап, айналамызды өзгертуге мүмкіндік берген азаматтарға алғысым шексіз» деді Ербол Азанбек.
Оқулықта «Экономика, қаржы, бизнес тақырыптарында қалай жазуға болады?» деген сұраққа жауап және медиа өкілдері үшін нақты кеңестер береді. Авторлар құрамында Әсия Акишева, Алибек Аллияров, Ербол Азанбек, Шолпан Айтенова, Ербол Азанбек, Есенгүл Кәпқызы, Дінмұхамед Зиядин, Асхат Еркімбай сияқты белгілі медиа мамандары бар. Ал қазақстандық жураналистер тәжірибесінен Олег Хе, Мира Халина, Гүлзат Нұрмолдақызы мен Айнұл Каргалинова бөліскен.
Кітапта экономика, ақржы, бизнес тақырыптарында жазғысы келетін журналистерге арналған кеңестер, ақпараттар мен мультимедия құралдары қамтылған.
Көмекші құралда тәжірибесімен бөліскен Гүлзат Нұрмолдақызы бұл тақырыпқа қалай келгені, қалай бастағаны туралы жаза келе негізгі мәселелерді де атап өтеді. Еңбектің танысытырылымында бұл кітаптың берер мүмкіндігі мол екенін жеткізді.
«Бұрын біз әр санды тиісті ведомстваларға барып, анықтап, талдап жазатынбыз. Себебі ол кезде техника, іскерлік сала дамымаған еді. Біз алғаш рет мұнай-газ кен орындары туралы қалам тербеу үшін Атырауға барғанбыз. Қазір мүмкіндіктер бар, жазамын деген журналистерге бұл көмекші құрал бизнес, қаржы, экономика тақырыбында арнайы нұсқаулық іспетті. Мұнда мәліметтерді алатын дереккөздерден бастап, мақаланы жарнамалауға дейін барлығы қамтылған» деді Г.Нұрмолдақызы.
Айта кетейік, «Іскерлік журналистика» көмекші құралы 1000 данамен шыққан. Сұранысқа қарай қазақ журналистері мен журналистика мамандығы оқытылатын жоғары оқу орындарына тегін таратылып жатыр.