Фото: ҚР ДСМ
Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында қазақстандық дәрігерлер тобы жаңа туған нәрестеге әлемдік тәжірибеде небәрі 30 рет тіркелген аса сирек кездесетін патология бойынша сәтті ота жасады, деп хабарлайды Ult.kz.
Сәбидің өмірі үшін күрес оның жарық дүниеге алғаш келген сәтінен басталды, себебі бет пен мойын тұсында пайда болған 4х4 см көлемдегі үлкен өскін кеңірдек пен жоғарғы тыныс жолдарын қысып тастағандықтан, нәресте өздігінен дем ала алмады.
Жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімшесінің меңгерушісі Ұлықпан Әлсейітовтың айтуынша, баланың жағдайы өте ауыр болған. Дәрігерлер бастапқыда бұл қатерсіз ісік – лимфангиома деп топшылағанымен, рентген, КТ және МРТ өскіннің өмірлік маңызы бар қан тамырлар мен шеткі жүйке талшықтарын да қамтығанын көрсетті.
Орталықтың жақ-бет хирургі, медицина ғылымдарының докторы Серік Нұрмағановтың басшылығымен және анестезиолог Ұлықпан Әлсейітов, неонаталды хирург Саматбек Мырзахмет қатысқан екі сағаттық күрделі ота нәтижесінде көлемді түзіліс толықтай алынып тасталды. Алайда, гистологиялық зерттеу нәтижелері «ісік» деп ойлаған тіннің гетеротопиялық ми тіні екенін анықтады. Бұл – эмбрион дамуы кезінде ми жасушаларының бас сүйек қуысы сыртында орналасуынан туындайтын аса сирек туа біткен аномалия. Дүниежүзілік медициналық әдебиетте осыған ұқсас небәрі 30 жағдай ғана сипатталған.
Қайғылы аяқталуы мүмкін оқиға толықтай сәтті аяқталып, сәби үйіне шығарылды. Орталық директоры Әлібек Смағұлов пренаталдық диагностиканың маңызы зор екенін және мұндай науқастардың өмір сүру мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті.