12 қар, 2020 сағат 10:47

Ішкі істер министрлігі «Гарант 24 Ломбард» ісіне қатысты мән-жайды айтты

ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов «Гарант 24 Ломбард» қаржы пирамидасы ісіне қатысты мән-жайды айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Гарант 24 Ломбард» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс аяқталды. Осы іс бойынша 18 мыңнан астам адам шағымданды, келтірілген шығынның жалпы сомасы 22 млрд теңгеден астам. Қылмыстық істі тергеу үшін Ішкі істер министрлігінің арнайы жедел тобы құрылды, оған 150-ден астам қызметкер енді», - деді С. Әділов министрлік ұйымдастырған онлайн брифингіде. 

Оның айтуынша, іс бойынша қылмыстық әрекеттің 33 эпизоды тіркелді. Қазіргі кезде қылмыстық жауапкершілікке 56 адам тартылуда. Бес адамға қатысты іздеу жарияланды.

«Министрлік тарапынан жедел іздестіру шаралары іске асырылды. Іздестірілген адамдардың көбісі Қазақстан аумағынан тыс жерде анықталып, ұсталды. Молдова, Қырғызстан және Түркияға сапарлар жасалып, осы елдерден іздеудегі адамдар жеткізілді. Күдіктілерден 70 млн теңгеден астам қаржы, қылмыстық әрекеттері кезінде сатып алынған түрлі мүлік нысандары алынды», - деді департамент басшысы. 

Осы орайда 15 автомобиль, екі жүк көлігі, екі автокран, 29 пәтер мен жеке тұрғын үй, үш жер телімі, бес автотұрақ орны, бір дәмхана-бильярд кешені қамтылды. 

Күдіктілердің арестке қойылған мүлкінің жалпы құны 22 млрд теңгеден астам сомаға бағаланған. 

«Тергеу амалдары барысында төрт үйге, 140 пәтерге, 1572 автомашинаға қатысты арестке қою шарарасы қабылданды. Компанияның барлық кеңселерінде тексеру жүргізіліп, заттай айғақтар алынды. Қазіргі кезде барлық күдіктілерге қатысты тергеу аяқталды. Зардап шеккендер мен күдіктілер қылмыстық істердің материалдарымен танысуға кірісті», - деді С. Әділов.