Фото: gov.kz
Ержан Сәденов Ішкі істер министрі болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Сапарбекұлы Сәденов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.
Полиция генерал-майоры Ержан Сәденов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Құйған ауылында дүниеге келген.
1993 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, 1998 жылы ҚР ҰҚК Қарағанды жоғары мектебін тәмамдаған.
Қызмет жолын 1993 жылы Шығыс Қазақстан облысы ІІБ ауданаралық жедел-іздестіру бөлімінің жедел уәкілі лауазымынан бастаған.
Әр жылдары ШҚО-да ішкі істер саласында басшылық қызметте болған, одан бөлек Өскемен қаласы ІІБ-нің бастығы, Маңғыстау облысы ІІД бастығының бірінші орынбасары, ІІМ "Р" департаментінің бастығы, көліктегі ІІД бастығы, Ақмола облысы және елорданың полиция департаментінің бастығы сынды лауазымды қызметтер атқарған.
Бұл ретте, Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Мұратұлы Ахметжанов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымынан босатылды.