01 там, 2019 сағат 16:15

Іс тергелуде – Жемқорлыққа қарсы агенттік «Астана LRT»-ға қатысты

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бюджетті талан-таражға салды деп айыпталған «Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшылығына қатысты іске түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Астана LRT» ЖШС-ның лауазымды тұлғаларына қатысты жеңіл рельсті көлік жобасының құрылысы кезінде бюджет қаражатының жымқырылуы бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Іс қазіргі таңда тергелуде. Тергеу мүддесіне сәйкес толыққанды ақпаратты жариялай алмаймыз», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тергеу комитетінің бас тергеушісі Данияр Бекайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

«Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланғаны бұған дейін хабарланған болатын.

«Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Оны қамауға алу туралы өтінімхат жолданды», - деген еді «Астана LRT» ЖШС басшысы Б. Игенбердинов.