14 қыр, 2016 сағат 17:05

Ірілену – ілгерілеу кепілі

Бүгінгі күні отандық экономиканың, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің ең өзекті мәселесі – ауыл шаруашылығын дамыту, ауылдағы еңбек өнімділігін арттыру. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл бағытта жеке және ұсақ фермер шаруашылықтарын ірілендіріп, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін құруды қолға алғаны қуантады. Өкінішке қарай, әлі де сол баяғы «ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деген ескі түсініктен арыла алмаған ағайын, мұрнына бұйда салып сүйресең де кооперативтерге бірігуге асықпай отыр. Мұны біз өз тәжірибемізде анық сезіндік. Сонда мәселе қалай шешілмек?

Жуырда Алматы қаласында Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерт­теу институты, Агроөндірістік кешен экономикасы және ауылдық жер­лерді дамыту ғылыми зерттеу институты, «Қазақстан агроодағы» ауылшаруашылық кооперативтері­нің республикалық қауымдастығы, «Қазақстан фермері» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қазақ­стан Республикасында ауыл­шаруа­шылық кооперациясын дамытудың түйткілді мәселелері» деген та­қы­рыпта дөңгелек үстел болып өтті. Өзекті тақырыпқа арналған ау­қымды шараға аграрлық сала ға­лымдары, халықаралық жобалар мен бағдарламалардың өкілдері, фермерлік қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың жетекшілері, шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.

Алматы облысы, Жамбыл ауда­­­нындағы «Сүйіндік» шар­уа қо­жалығының басшысы Бо­лат Райымжанов қазіргі ауыл ша­руашылығындағы ұсақ және жеке шаруа қожалықтары мен фермер қожалықтарын біріктіріп, ірілендіруге бағытталған шаралардың дұрыс екенін, бірақ ол тиімді жүргізілмей жатқандығын жеткізді. «Шын мә­нінде кооперацияның ең озық үлгісі – баяғы колхоздар еді. Өкінішке қарай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол колхоздар мен совхоздарды таратып алып, енді олардың орнына тиімді ауылшаруашылық ұжымдарын құра алмай отырмыз. Биліктің тұтқасын ұстағандар мен соларға жақын жүрген адамдар құнарлы жер мен техниканың басым бөлігін, тіпті келе-келе пайға берілген жерлерді де иемденіп алып, ауылда аядай жерсіз қалған азаматтар да жетерлік. Сондықтан кооперация мәселесі ауылдық жерлер үшін бүгінгі күні өте өзекті», – деді.

Ал Қапшағай қаласында жуырда ғана құрылған «Ақ өзек» ауыл­шаруашылық өндірістік коопе­ративінің басқарма төрағасы Думан Майлыханов бұл кооперативті Шеңгелді массивінде негізінен пияз өсірумен айналысатын шаруалар бірігіп, кооперативтерге Үкімет тарапынан үлкен қолдау көрсетіле­ді, жеңілдікті несие, демеуқаржыға қол жеткіземіз, алқаптарды сумен қамтамасыз етуде көмегі болады деген үлкен сеніммен құрғандықтарын айтты. «Іс жүзінде әліге дейін еш­қандай көмек жоқ, мұның бәрі тек жоғарыға «пәленбай кооператив құрдық» деген есеп беру үшін ғана ұйымдастырылған науқаншылдық сияқты. Өйткені бір біз емес, Алматы аймағындағы жа­ңа­дан құрылған кооперативтердің бәрі де осы күйді кешуде», – деп бұл бастаманың әлі көп жағдайда тек бас­тама күйінде қалып отырғанын ашына әңгімеледі.

Сондай-ақ Алматы облысы, Жам­был ауданындағы «Ерман Мир» шаруа қожалығының басшысы Еркін Көшер­баев, Іле ауданындағы «Қажы» АШӨК басқарма төрағасы Қабылбай Әлімбаев, осы аудандағы «Ақ сүт» АШӨК басқарма төрайымы Нелли Салиханова, Еңбекшіқазақ ауданынан шаруа қожалығының басшысы Васип Исмайлов және басқалар баяғы колхоз-совхоздар таратылып, жекешелендірілген кезде отбасымызбен бірге тіршілік етеміз деп үлеске алған малдарды құртып алған ауыл өз-өзімен қалып, жеке және шаруа қожалықтарының жұмысы өрге баспай, жоғарыдан мардымды қолдау болмаған соң елдің көпшілігі ішіп-жеп қойғанын, жастар жұмыс іздеп ауылды тастап кеткенін күйіне жеткізді. Олардың пайымдауынша, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңды дайындау кезінде өзге елдердің тәжірибесі жеткілікті деңгейде ескерілмеген. Дамыған елдерді, жоспарлы экономика мен нарықтық қатынастарды үйлесімді ұштастыра білген ҚХР-ды былай қойғанда, жиынға қатысушылардың барлығы дерлік Қазақстанда ауыл шаруашылығын кооперациялауда Белоруссияның тәжірибесін қолдану керек деген пікірлерін білдірді.

Ең бастысы, жергілікті жерлерде мемлекеттің экономикалық сая­са­тын жүзеге асыратын облыс, аудан әкім­­дері мен ауылшаруашы­­лық басқар­маларының басшылары ауылды кооперациялау мәселесіне бейжай қарап, жауапсыздық танытып отыр.

Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­­ситетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Ға­ли­­­жан Мәдиев елімізде шын мә­нін­дегі нарықтық экономиканың қалыптаспағанын, әлі күнге бағаны тауар өндірушілер емес, олардан су тегінге сатып алып, бірнеше есе бағасына өткізетін делдалдар бел­гілеп отырғанын айтты.

«Қазақстан агроодағы» ауыл­ша­руа­шылық кооперативтерінің республикалық қауымдастығының президенті Алик Сағындықовтың айтуынша, бүгінгі күні еліміздің ауыл шаруашылығында кооперацияның дамуын негізінен мынадай себептер тежеп тұр. Олар кооперация мә­се­лесін­де нормативтік-құқықтық базаның жетіл­мегендігі; мемлекет тарапынан қаржыландыру және ынталандыру шараларының жеткіліксіз­дігі; ауылдық жерлердегі құқықтық мәде­ниет­тің төмендігі, кооперацияның артықшылығы жөнінде фермерлерде жеткілікті ақпараттың жоқтығы; фермерлерде жаңадан ұйымдастырылып жатқан құрылымдарға, мүлікті, өндіріс құралдарын әділ пайдалануға деген және өзара сенімсіздіктің, жерден айы­рылып қалу қаупінің жоғарылығы; кооперацияның тиімділігіне және жұмысты нәтижелі ұйымдастыруға болатынына шаруалардың көзін жеткізетін кәсіби менеджерлердің жоқтығы.

Біз де Елбасының бастамасын жүзеге асыруға нақты үлес қосып, өзге­лерге де қозғау салармыз деген ой­мен төрт шаруа қожалығының басын қосып, Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы Талғар аудандық фи­лиа­лы­ның директоры Ләззат Күміс­баеваның тікелей қолдауымен «Алға Нұра» ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрып едік. Енді ауылдағы басқа шаруалар «бұларға қандай қолдау көрсетілер екен» деп бізге қарап отыр. Егер Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нақты нәтижесін көрсе, көпшілігінің бізге қосылмақ ойлары бар. Өкінішке қарай әділет басқармасында тіркеліп, банкте есеп-шотымызды ашып, барлық құжат­тарымызды реттесек те Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан ауылшаруа­шылық коопе­ра­тивтерін қолдау мақ­сатында бө­лін­ген қаржыдан әлі бақыр тиын да берілген жоқ. Негізгі кедергі – кепілзаттың жоқтығы мен коо­пе­ратив мүшелерінің несие тарихының таза еместігі. Ал мұндай жағдай тек бізде ғана еместігі анық. Олай болса, мың жерден кооперативке біріккенмен, әлгін­дей себептермен қаржылық қол­дау болмаса, мұның пайдасы көк тиын.

Ендеше бұл түйткілді тарқатудың ең тиімді жолы қандай? Дөңгелек үстелге қатысқан көпшіліктің ортақ пі­кі­­рін­ше, мұның бір ғана тиімді жо­лы бар.

Елбасының арнайы Жарлығы­мен әр ауылдық округтің аумағында мем­лекет-жекеменшік әріптестігі негізінде міндетті түрде бір ауыл құрау­шы ауылшаруашылық өндірістік кооперативі ұйымдастырылып (бұған ауылдағы барлық жеке және фермер шаруашылықтары кіру міндет емес), оны басқару жауапкершілігі ауыл әкіміне жүктелуі тиіс. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан мол қаржы сол кооперативтің есеп-шотына аударылып, оның қайтарымына жергілікті билік өкілі ретінде тағы да сол әкім жауапты болатын тетік енгізген жөн. Осылай ауыл тұрғындарының негізгі бөлігі сол өздері тұратын жерлерде жұмыспен, сәйкесінше тиісті табыс­пен қамтамасыз етілуі керек. Бұған белгілі бір деңгейде «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң да мүм­кіндік беретіні сөзсіз. Сондай-ақ ауыл­дық округтің аумағындағы бар­лық ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерден, мейлі ол жалға берілді ме, пайдаланылмай бос жатыр ма – міндетті түрде тиісті салық өндіру мәселесін заңмен бекіту керек. Ал жер салығы мен оның кадастрлық құ­нын қазіргідей тым төмен мөлшерде қалдырмай анағұрлым көтеру қажет. Сонда жергілікті әкімдер жердің бос жатпай, мейлінше толық пайдаланылуына тек бір ғана кооператив емес, өндірілген өнімді сақтайтын, өңдейтін, тиімді бағада өткізетін басқа да кәсіпкерлік нысандардың ұйымдастырылуына мүдделі болады. Жергілікті жердегі биліктің ештеңеге жауап бермейтін жай ғана өкілі емес, тіршіліктің негізі саналатын ауылдағы өндірісті ұйымдастыруға жауапты менеджерге айналады. Оның үстіне әкімнің жұмысы жерді қалай пайдаланып, ауылда қанша өнім өндірілгеніне, қанша жұмыс орындары құрылып, тұрғындардың жұмыспен қамтыл­уына қарай бағаланатын болса, нұр үстіне нұр! Біздің ойымызша, бұл әлеуметтік тұрғыда көп ұзамай-ақ өзінің оң нәтижесін береді. Сөйтіп кооперативтік қозғалыс серпінді қарқын алып, сенімсіздік танытып отырған шаруалар енді саналы түрде бірігуге ұмтылатын болады. Тұрғындардың әлеуметтік тұрмыс деңгейі көтеріледі. Саяси тұрғыдан да демократиялық даму көрсеткіштеріміз күрт жақсарады. Мемлекеттің мақсаты да осы емес пе?!

 Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

 Алматы облысы

"Егемен Қазақстан"