29 қаз, 2021 сағат 18:55

Ірі көлемде пара алған Энергетика министрлігінің қызметкері 8 жылға сотталды


Елорданың Алматы ауданы бойынша №2 сотында Энергетика министрлігінің басқарма басшысы Нұрбек Амангелдіұлына қатысты пара алу фактісі бойынша үкім жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Энергетика министрлігінің басқарма басшысы Нұрбек Амангелдіұлына қатысты істі сотқа жолдаған болатын. Ол газ желісі ұйымдарының өкілдерінен ірі көлемде (жалпы сомасы 6,3 млн теңге) ақша алды деген күдікке ілінді. Ол 2020 жылдың 16 қарашасынан бастап қамауда болды. 

«Сот Нұрбек Амангелдіұлын қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тануға және оған қауіпсіздігі төмен ҚАЖ мекемесінде жазасын өтеп, мемлекеттік қызметте, судья, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық банкі мен оның ведомстволарында, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауға үкім шығарды. Нұрбек Амангелдіұлына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенше сол күйі қалдырылсын», - деді судья. 

Сонымен бірге, «SK LTD KZ» ЖШС басшысы болған Б. Б. Утаровқа да үкім шығарылды. 

Қылмыстық кодекске сәйкес Утаров қылмыс жасағаны үшін (пара бергені үшін) кінәлі деп танылып, оған қауіпсіздігі төмен ҚАЖ мекемесіне 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.