Иран президенті сайлауында осы қызметте отырған 68 жастағы Хасан Роухани екінші мерзімге сайланды. Жұма күні өткен сайлау нәтижесі бойынша, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 58 пайызға жуығы – 23 миллионнан астамы Роуханиге қолдау танытқаны туралы бүгін Иран ішкі істер министрлігі өкілі ұлттық телеарнадан хабарлаған.
Бұл жолғы президент сайлауында Роуханиге негізгі бәсекелес болған бұрынғы прокурор, қатаң саясатты қолдайтын дін қызметкері 56 жастағы Ебрахим Раисиге 15 миллионнан астам сайлаушы дауыс берген. Олармен бірге сайлауға түскен қалған екі кандидаттың әрбірінің жиған дауыс саны миллионға жетпеген.
Иран президенті сайлауының шарты бойынша, 50 пайыздан артық дауыс алған кандидат жеңген болып саналады.
Мамырдың 19-ы күні өткен президент сайлауына дауыс беруге 40 миллионнан аса, яғни тізімдегі сайлаушылардың 70 пайыздан көбі қатысқан. Бұның алдында, 2013 жылғы сайлауда да сайлаушылар осындай белсенділік танытқан болатын. Сол жолғы сайлауда жеңіске жеткен Хасан Роухани Иранды халықаралық санкциялар құрсауынан босатуға уәде еткен еді. Ол алғашқы президенттік мерзімде, 2015 жылы Иранның ядролық бағдарламасын шектеп, есесіне осы елге салынған халықаралық санкцияларды алып тастау туралы АҚШ және өзге әлемдік державалардың Тегеранмен жасасқан келісімінде негізгі роль атқарды.
Бұрынғы прокурор, діни консерватор Ебрахим Раиси бәсекелесі Роуханидің әлемдік державалармен бекіткен ядролық келісімге қарсы. Раиси 1988 жылдың жазында мыңдаған саяси тұтқынды жазалаған «өлім жазасын шығаратын комиссияның» мүшесі болған.
Ел азаматтары сайлайтын Иран президенті ішкі және сыртқы саясат жүргізу өкілеттігіне ие атқарушы билік басшысы саналады. Бірақ іс жүзінде Иранда жоғарғы билік рухани жетекшісінің – 77 жастағы аятолла Әли Хаменеидің қолында. Ол қарулы күштерді, сот жүйесін, мемлекеттік телеарнаны және өзге де маңызды үкіметтік ұйымдарды бақылауында ұстайды. Сонымен бірге ол елдің сыртқы саясатын белгілейді.