22 ақп, 2021 сағат 08:02

Иран ядролық нысандарын бақылауға шектеу қойды

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) басшысы Тегеранмен келіссөзден кейін Иран БҰҰ инспекторларын ядролық нысандарына кіргізуге келісті, бірақ "шектеулі күйде" бақылай алады деп мәлімдеді. Өткен аптада Тегеран 23 ақпанға дейін АҚШ санкция күшін жоймаса, МАГАТЭ бақылаушыларын Ирандағы атом нысандарына кіргізбейтінін айтқан. АҚШ пен ядролық келісімге қол қойған Еуропа елдері Иранды бұл қадамнан бас тартуға шақырып, Тегеранның уран байыту туралы жақындағы мәлімдемесіне алаңдаушылық білдірген. 

МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси екі күнге созылған келіссөздің "жақсы болғанын, ақылға қонымды нәтиже" бергенін айтты. Гросси Тегеранда сапарда болған кезде Иранның жоғары лауазымды шенеуніктері мен АҚШ билігі өкілдері 2015 жылғы ядролық келісімге оралу мүмкіндіктері жайлы мәселені ашық қалдырған. 

Иранның ақпарат құралдарының хабарлауынша, сыртқы істер министрі Мохаммед Джавад Зариф Тегеран "барлық тараптар өздерінің міндеттерін орындаса, ондай келіссөзге дайын" екенін айтқан. АҚШ президенті Джо Байденнің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан демалыс күні ақпарат құралдарына Иран АҚШ әкімшілігінің келіссөз үстеліне оралу туралы ұсынысына әлі жауап бермеді деп мәлімдеген. Салливан Байден "ирандықтармен ядролық бағдарламаға қатаң шектеу қою мәселесін талқылау үшін келіссөз үстеліне отыруға дайын" деп айтқан. "Бұл ұсыныс әлі күшінде, себебі біз дипломатия соны жүзеге асырудың ең үздік жолы екеніне сенеміз" деді Салливан.

Азаттық