Эр-Рияд өз барлау қызметінің Иран Сауд Арабиясы аумағындағы нысандарға шабуылдайтыны туралы мәліметін Вашингтонға тапсырды. Таяу Шығыстағы америкалық және басқа да күштер шабуылды тойтаруға дайындалып жатыр.
Бұл туралы The Wall Street Journal Сауд Арабиясы мен Құрама Штаттардағы дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлады.
Бұған дейін Иран барлау министрлігі мен Ислам революциясы сақшылар корпусының барлау ұйымы АҚШ, Ұлыбритания, Израиль және Сауд Арабиясының барлау қызметтерін белсенді "Махса Амини өліміне қатысты наразылық шерулерін жоспарлады, оны жүзеге асырды" деп айыптаған.
Сауд Арабиясының ресми өкілдерінің мәлімдеуінше, Иран Сауд Арабиясына, сонымен бірге Ирактың Күрдістанындағы Эрбильге шабуыл жасауды жоспарлаған. Тегеран қоғам назарын ішкі наразылықтан басқа жаққа аударту үшін осындай әрекетке бармақ.
"АҚШ, Сауд Арабиясы және аймақтағы басқа да елдер қарулы күштерінің дайындығын пысықтай түсті", деп жазды The Wall Street Journal.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде Иранның Кум қаласындағы Джамкаран мешітінің күмбезі мен Шираз қаласындағы мешіт күмбезі үстінде қызыл ту көтерілгені түсірілген кадрлар тарап жатыр. Бұл кек алу ниетін білдіреді.
Өткен айда Ислам революциясы сақшылар корпусы қолбасшысының орынбасары Сауд Арабиясынан Ирандағы наразылық туралы ақпарат таратуды шектеуді талап еткен. "Бұл - біздің соңғы ескертуіміз, өйткені сендер біздің ішкі ісімізге БАҚ арқылы араласып отырсыңдар", - деген генерал-лейтенант Хоссейн Салами Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясындағы әскери жаттығулар кезінде.
Айта кетейік, Иранда бір жарым айдан астам уақыттан бері 22 жастағы Махса Аминидің өліміне байланысты наразылық акциялары өтіп жатыр. Акцияға қатысушылар қыздың өліміне полицейлерді кінәлайды. Наразылықты басу кезінде Иран полициясы қару қолданды, 200-ден астам адам қаза болған, мыңнан астам адам ұсталған.
Еске салайық, Иранда соңғы рет қызыл ту 2020 жылдың қаңтарында көтеріліп, "Әл-Қудс" арнайы күштерінің қолбасшысы Касем Сүлеймани өлтірілген болатын. Бірнеше күннен кейін Иран АҚШ-тың Ирактағы екі нысанына: елдің батысындағы "Айн-әл-Асад" әуе базасы мен солтүстігіндегі Эрбиль провинциясындағы аэродромға соққы берді.
One more war? 🤔
— Captain Black Sea (@CaptainBlackSe1) November 1, 2022
The Iranian Red flag of revenge were raised above the dome of the Jamkaran Mosque in the city of Qom and the dome of the Mosque in Shiraz, Iran. pic.twitter.com/lSNnBSD0P0