Иран генералы Касем Сүлейманидың қазасынан кейін Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен тұста мұнай мен алтын бағасы қымбаттады, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.
Алтын бағасы соңғы алты жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Оның бір унциясы 1576,85 доллардан сатылды. Brent маркалы мұнайдың бір бареллі 70 доллар болды. АҚШ-тың онжылдық облигацияларының кіріс көрсеткіші бір базистік пунктен аса - 1,77 пайызға дейін төмендеген. Бұл инвесторлардың осы құнды қағаздарға сұранысы артқанын байқатады.
Айта кетейік, Иранның ислам сақшылары корпусының арнайы элиталық бөлімі – "Құдс күштерінің" қолбасшысы генерал Касем Сүлеймани 3 қаңтар, жұма күні таңертең Бағдат әуежайына ұшып келгеннен кейін АҚШ-тың әуе шабуылынан қаза тапқан. Бұл операция туралы бұйрықты АҚШ президенті Дональд Трамп берген. Пентагон өкілдері Иран генералы Ирактағы АҚШ дипломаттары мен әскеріне қарсы шабуылдар жоспарын әзірлеумен айналысқан деп мәлімдеді.
Жоғары шенді әскери шенеунікті өлтіру Таяу Шығыстағы жағдайды шиеленістіріп жіберді. Ирак парламенті ел аумағынан барлық шетелдік әскерді шығаруды талап етті. Иран әскери ядролық бағдарламасын қайта қолға алатынын мәлімдеді. Иран президенті Хасан Роухани бұл шабуылды "террорлық акт" деп атап, "Америка сазайын тартады" деп айтты.