06 қаң, 2020 сағат 19:45

Иран халқы генерал Сүлейманимен қоштасты (Видео)

6 қаңтарда Тегеранда мыңдаған адам генерал Касем Сүлейманимен қоштасу үшін қала көшелеріне шықты. «Құдс күштерінің» қолбасшысы генерал Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдат әуежайында АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде қаза болған.

Ирандағы телеарналардың барлығы Сүлейманимен қоштасу рәсімін көрсетті. Ал аятолла Али Хаменей Сүлейманиге бағыштап құран оқыды.

Құраннан кейін жиналғандар «Америкаға өлім» деп айғайлады. Сүлейманидің қызы әкесінің өлімі АҚШ пен оның одақтасы Израиль үшін «қара күн» болатынын айтты.

«Ақымақ Трамп, әкемнің өлімімен бәрі бітті деп ойлама» деді Зейнаб Сүлеймани.

АҚШ президенті Дональд Трамп «егер Тегеран Сүлейманидің өліміне кек қайтарса, онда Иранның 52 жерін, мәдени нысандарын атқылайтынын» айтып, сес көрсеткен.

«Олар біздің адамдарды өлтіреді, қинайды. Олар мина қолданып, біздің адамдарды жарып жатыр. Ал біз олардың мәдени жерлеріне тиіспеуіміз керек екен. Олай болмайды» деді Трамп.

Айта кетейік, Сүлеймани «Құдс күштерінің» қолбасшысы ретінде шетелдегі, соның ішінде Ирак, Сирия және Йемендегі арнайы операцияларды басқарған. Ол 3 қаңтарда Бағдат әуежайындағы әуе шабуылынан қаза тапқан. Сүлейманидың көзін жоюға АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрық бергені белгілі болды.

 

Осыдан кейін Ирак АҚШ-тан ел аумағындағы әскерін алып кетуді талап еткен. АҚШ президенті Трамп Ирак елден америкалық әскерилерді шығарса, санкция салатынын мәлімдеді.

Бұл уақытта АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да Тегеран Сүлейманидің өліміне кек алуға әрекет етсе, Иран лидерлерінің көпшілігі «нысанаға» айналатынын ескертті. Помпео Иран өзге елдердегі, яғни, Ирак, Сирия, Йемен, Ливандағы әскери күштерді АҚШ-қа қарсы соққы жасауға пайдаланатын болса, оған аяусыз қарымта жасалады деген.

Сүлейманидің орнына тағайындалған генерал Исмаил Каани қаңтардың 6-сі күні Иранның мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында есе қайтарып, кек алуға уәде етті.

 

Исмаил Каани бұған дейін «Құдс күштері» элиталық жасағы басшысының орынбасары болған.

Генерал Сүлеймани қаңтардың 7-сі күні туған қаласы Керманға жерленеді.