10 қаз, 2019 сағат 14:13

Иран билігі Ресей журналисін босатты

Иран билігі Ресей журналисі, орыс тілінде жарық көрген "Невесты Аллаха" ("Аллах қалыңдықтары" - ред.) кітабының авторы Юлия Юзикті босатты. Тегерандағы Ресей елшілігі журналистің Ираннан Мәскеуге ұшып кеткенін хабарлады.

Иран Ислам революциясы сақшылары Юзикті 4 қазанда қонақ үйде ұстаған. Журналист Борис Войцеховскийдің сөзінше, оны "Израильдің арнайы қызмет өкілдерімен әріптестік орнатты" деп айыптаған.

-Иран Ислам революциясы сақшылары қонақ үй бөлмесінің есігін бұзып кірді. Мәскеуге хабарласуға кеше (8 қазан - ред.) ғана рұқсат берді, бір минут қана сөйлестірді",- дейді Войцеховский.

7 қазанда Иран билігінің ресми өкілі Әли Рабии Юлия Юзикті тыңшылық емес, визалық мәселелерге байланысты ұстағанын хабарлады.

Юлия Юзик Ресейдің Ростов облысында 1981 жылы туған. Солтүстік Кавказдың "өзін-өзі жарған" екі қызы туралы "Невесты Аллаха" атты кітабы жарық көргеннен кейін танымал болған.

2016 жылы мемлекеттік думаға "ПАРНАС" партиясы атынан кандидатурасын ұсынған. Журналист Кавказда да қоғамдық жобалармен айналысады.