25 қыр, 2019 сағат 02:23

«Иран әлемге қауіп төндіріп отыр». Трамп БҰҰ жиынында не айтты?

24 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп Нбю-Йорктегі БҰҰ-ның 74-сессиясында Қытай мен Иранды айыптай сөйледі. Ол Америка ешқашан социалистік ел болмайтынын айтты.

ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ИРАН ЖАЙЛЫ

БҰҰ жиынында сөз сөйлеген Трамп «Қытай сауда-саттық құпияларын, патенттерді ұрлады, сыртқы сауда ережелерін бұзды» деп айыптады. Ол «Қытай нарығы мемлекеттік субсидияға тәуелді» деп сынады. Трамп Вашингтонның Гонконгтегі наразылық шарасын бақылап отырғанын айтты. Оның сөзінше, «Қытайдың әлемдік саясаттағы болашағы Гонконгтегі наразылықты қалай шешетініне тікелей байланысты».

БҰҰ жиынында АҚШ президенті «Иран режимі тыныштықты қалайтын елдерге ең үлкен қауіп төндіріп отыр» деп мәлімдеді.

«Иран әлемдік терроризмге демеушілік жасап қана қоймай, Иран лидердері Сирия мен Йеменде соғыс отын тұтатты» деді ол.

АҚШ президенті Дональд Трамп БҰҰ жиынында. Нью-Йорк, 24 қыркүйек 2019 жыл.

Трамп Иран билігін халықты бірінші орынға қоюға шақырды. Ол Тегеранның қауіпті әрекеттері тоқтамайынша, АҚШ санкцияларды көбейте беретінін мәлімдеді.

Трамп Иран билігін Сауд Арабиясындағы мұнай зауыттарына шабуыл жасады деп айыптады. Оның сөзінше, Иранның әрекеттерінен Израиль, Сирия, Йемен, Сауд Арабиясы сынды көрші елдері және әлемдік қауымдастық зардап шегіп жатыр.

СОЛТҮСТІК КОРЕЯ ЖӘНЕ ВЕНЕСУЭЛА ЖАЙЛЫ

Трамп былтырғы БҰҰ жиынында Ираннан бөлек Солтүстік Корея мен Венесуэланы да әлемге қауіп төндіреді деп сынаған. Бұл жылы ол Корей түбегіндегі ядролық келісім жайлы ашып айтпады. Тек «бейбітшілікке қол жеткізу үшін» көп жұмыс жасалып жатқанын жеткізді.

Трамп «Венесуэла билігі мен президент Николас Мадуроны елдегі еркіндікті басып жаншыды» деп айыптады. Ол Мадуроны «Кубаның қуыршағы» деді. Трамптың сөзінше, бұл елдер социализм мен коммунизм идеологиясын қалайды.

«Социализм мен коммунизм 100 миллион адамды жойды. Америка ешқашан социалистік ел болмайды» деді ол.

Трамптың сөзінше, АҚШ Венесуэлаға көп гуманитарлық көмек жіберуге дайын.

«Венесуэладағы жағдайды бақылап отыр. Бұл елде демократияның қайта орнар сәттін асыға күтеміз» деді ол

МИГРАЦИЯ ЖАЙЛЫ

АҚШ президенті өз сөзінде «социализм мен әлемді билеп төстеу саясатына жол жоқ» деді. Ол әлемде миграция саясатынан бастап құндылықтарды бағындырғысы келетіндер барын айтты. Бірақ олардың кім екенін ашып айтпады. Трамп жиын барысында миграция мәселесінде сөз етті.

«Заңсыз миграция елдің дамуына кедергі келтіріп, қоғамды бұзып, қылмыс картельдерінің санын көбейтеді. Бұл – қауіпті, әділетсіз әрі тұрақсыз» деді ол.

Трамп миграцияны реттеу саясатына қарсы шыққан белсенділерді айыптады. Оның ойынша, шекараны ашық ұстау саясаты экстремизмге жол ашып, адам және есірткі саудасын көбейтеді.

Трамп АҚШ-қа Мексика арқылы өтетін мигранттардың санын азайтуды жоспарлайды. Ол екі ел шекарасына дуал салғысы келген. Бірақ қымбат жобаны Конгресс пен сот қабылдамай отыр.

БҰҰ жиынында Трамп АҚШ-та «ұлттық жаңғыру» бағдарламасы аясында жұмыссыздар мен кедейлер саны азайғанын айтты.

«Біз кедейлікті жеңдік» деді ол.

БҰҰ трибунасында сөз сөйлеген АҚШ басшысы Ресей жайлы ештеңе айтқан жоқ.