10 мам, 2020 сағат 14:20

Иран АҚШ-пен шартсыз тұтқын алмасуға дайын

Иран АҚШ-пен шартсыз тұтқын алмасуға дайын деп хабарлады Иран үкіметінің ресми өкілі Али Рабии. Оның айтуынша, Вашингтон Тегеранның үндеуіне әзірге жауап бермеген. 

"Біз шартсыз барлық тұтқынды алмасуға дайын екенімізді хабарлағанбыз және бұл мәселені талқылауға дайынбыз, бірақ америкалықтар әзірге жауап бермеді" деді Рабии 10 мамырда Khabaronline сайтына. 

Батыс ақпарат құралдары өткен аптада Тегеран мен Вашингтонның тұтқын алмасу бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын, соның нәтижесінде америкалық ардагер теңізші Майкл Уайттың бостандыққа шығуы мүмкін екенін хабарлаған болатын. Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиге тіл тигізді және интернетте жеке ақпаратты жариялады деп айыпталған Майкл Уайт наурыз айында пандемия өршіп тұрған тұста денсаулығына байланысты босатылған. Иран Американың кемінде төрт азаматын тұтқында ұстап отыр деп айтылады. Ал Иранның мәліметінше, АҚШ-та 20 ирандық азамат түрмеде отыр. Наурыз айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Иранды негізсіз ұсталған барлық америкалықтарды босатуға шақырған. 

5 мамырда Reuters агенттігі АҚШ-тың жақын арада ирандық ғалым Сирус Асгараниді еліне депортациялайтынын хабарлаған. Оны Иранда түрмеде отырған Америка азаматтарының біріне алмастырады. 

АҚШ пен Иран 2019 жылы тұтқын алмасып, америкалық студент Сиюэ Ван босап шыққан. Оған Иранда тыңшылықпен айналысты деген айып тағылған. Осы алмасу операциясының арқасында "санкция ережесін бұзды" деп айыпталған Иран азаматы Массуд Сүлеймани босап шыққан.