19 шіл, 2021 сағат 19:22

Иорданияда вакцина алмаған қызметкерлер аптасына екі рет ПТР тест тапсыратын болады


Хашимит корольдігі COVID-19 вакцинасын алмаған азаматтардың жұмысын заң негізінде реттейтін шаралар қабылдауда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Иордания үкіметіне сілтеме жасап.

Мұндай қадам коронавирустың үшінші толқыны алдында жасалған сақтық шаралары болмақ. 

17 шілдеде Иорданияның Премьер-министрі Бишер Хасауне №32 қорғаныс бұйрығына қол қойды, ол әлі COVID-19 вакцинасын алмаған адамдар үшін жағдайды қатаңдатады. 

Жаңа ережелерге сәйкес, вакцинаның екі дозасын алмаған мемлекеттік сектордағы кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері аптасына екі рет – жексенбі және бейсенбі күндері басшылыққа 72 сағат бұрын жасалған ПТР тестінің теріс нәтижесін тапсырулары тиіс. 

Естеріңізге сала кетейік, бірқатар араб елдерінде аптаның бірінші жұмыс күні – жексенбі, ал соңғысы – бейсенбіге келеді. 

Бұйрықта көрсетілгендей, осы талаптарды сақтамағаны үшін 100-ден 500-ге дейін иордан динары (60 200-ден 301 100 теңге аралығында) мөлшерінде айыппұл салынады. Енгізілген ережелер 5 тамыздан бастап күшіне енеді, ал 15 тамыздан бастап әкімшілік қызметкерлер мен білім беру мекемелерінің оқытушыларына, сондай-ақ ЖОО студенттеріне қатысты осындай талаптар енгізілмек. 

Бұйрыққа сәйкес, ПТР-тестілеуді Иорданияның Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы орталықтарында тегін алуға болады.