18 қар, 2020 сағат 15:00

Иордания астанасында көшелердің біріне Абай есімі беріледі

Иордания астанасы Амман қаласында көшелердің біріне Абайдың есімі беріледі. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Бүгін Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Айдарбек Тұматов Амман қаласының мэрі Юсеф аш-Шауарибпен кездесті. Келіссөздер барысында Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Амман муниципалитеті арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары, сондай-ақ екіжақты бастамаларға қолдау көрсету мәселесі талқыланды.

Сондай-ақ ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту аясында Амман қаласындағы орталық көшелердің біріне қазақтың ұлы ақынының есімін беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Оның салтанатты ашылуы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында жоспарланған.

Айта кетейік, 2010 жылдың мамыр айында Король ІІ Абдалланың Жарлығымен Иордания астанасының орталық көшелерінің біріне ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың есімі берілді. 2018 жылғы желтоқсанда Амманда «Астана» көшесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Нұр-Сұлтанда Иордания астанасы Амман атындағы көше бар, ал 2017 жылғы 27 шілдеде Иорданияның ұлттық күні аясында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Хусейн бен Талал атындағы көшені ашу рәсімі өтті.