12 шіл, 2021 сағат 12:57

Интернетте жалған вакцина паспортын ұсынған 35 хабарландыру бұғаттауға жолданды - ІІМ


Ішкі істер министрлігі вакцина паспорты мен ПТР-тестілеу анықтамасын қолдан жасауды ұсынған 35 хабарламаны бұғаттауға жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведмоствоның ақпарат алаңында айтты. 

«Кей азаматтар қазіргі жағдайды пайдаланып, табыс табуға тырысып жүр. Олар ПТР тестілеу қорытындысы мен вакцина паспортын қолдан жасайды. Осылайша вирустың таралуына себепкер болады. Жыл басынан бері ішкі істер органдарды ПТР тестілеу қорытындысы мен вакцина паспортын қолдан жасаудың, сондай-ақ, оларды пайдаланудың 30 жағдайын тіркеді», - деді Шұғыла Тұрлыбек. 

Министрлік өкілі Алматы қаласында қажылыққа баратын адамдарға жалған вакцина паспортын рәсімдеген туристік компания туралы мәлімет берді.

«Мысалы, Алматы қаласында қажылардың Сауд Арабиясына кетуін рәсімдеу кезінде вакцина паспортын жаппай дайындауға қатысы бар туристік компания анықталды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тінту кезінде ұйымдастыру техникасы, мөрлер және бланк өнімдері алынды, сот сараптамалары тағайындалды. Жалған құжат дайындағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - дейді ведомствоның баспасөз өкілі. 

Оның айтуынша, сақшылар интернеттегі ПТР-тест анықтамасы мен вакцина паспортын ұсынатын хабарламаларды жіті бақылауға алған көрінеді.

«Интернет желісінде мониторинг жүргізу кезінде біз деректер базасында ресми тіркелмеген анықтамаларды немесе вакцина паспорттарын дайындау туралы жалған ұсыныстарды анықтаймыз. Біз қазірдің өзінде уәкілетті органға бұғаттауға жататын осындай 35 хабарландыруды анықтап, жолдадық. Ішкі істер министрлігі осы індетпен байланысты барлық қылмыстық көріністерге ерекше назар аударады», - дед Шұғыла Тұрлыбек.