Әлемдік статистика бойынша инсульт адам өлімі мен мүгедектіктің басты себебі болып табылады. Қазақстандағы жағдайды алсып қарасақ, жыл сайын 50 мыңға жуық адам инсультқа ұшырайды екен. Ал, оның 80 пайызы сал болып қалуда. 2017 жылы бұл қауіпті дерт 3 мың адамның өмірін қиған. Ең қиыны, бұрын егде жастағы адамдар ауыратын бұл індет түрімен бүгінде жас жеткіншектер де ауыра бастады.
Бұдан көретініміз, адам денсаулығына аса ауыр зардап әкелетін инсультті толықтай емдеп-жазу әлі де оңтайландыруды қажет етіп отыр. Осындай көкейкесті мәселені шешуге өз үлестерін қосу үшін қазіргі таңда Назарбаев университетінде екі жаңа жоба қолға алынып, түлектер зерттеу жұмысымен айналысып жатыр. Бірінші жоба – ми сигналын оқитын болса, екіншісі бұлшық ет сигналын оқиды.
Атап айтсақ, бұл жобалар Назарбаев университетінің профессоры Прашант Жамалдың (Prashant Jamwal) жетекшілігімен қолға алынды. Жоба жәрдемшісі PhD кандидаты Әбдікенов Бейбіт. Ал, жобаны жүргізуге атсалысып жүргендер: Шарипов Асхат, Жолдасхан Байкен, Еламан Бейсханов, Асель Қадырқұл, Айнұр Айдын, Әділ Тасқымбаев, Мұхаммед-Әлихан Зукаев. Олар университеттің студенттері мен түлектері.
Жас зерттеушілер жасап жатқан бірінші жоба 3 аппараттан тұрады. Біріншісі ми сигналын анықтайтын қондырғы. Ол өз кезегін бас құрылымын, ми сигналын бақылай алады. Ал, адамның басты организмі саналатын ми сигналы оқылса, сөзсіз өзге мүшемізді де емдеу жеңілдейтін болады. Екіншісі қолға арналған құрылғы. Оның мақсаты инсульттан кейін сал ауруына ұшыған жанның қолын қалыпқа келтіру. Үшіншісі болса қолы жоқ адамға арналған қол кейпіндегі аппарат. Аталған құрылғы қолдың орнына қызмет ететін болады. Яғни, ол ондағы жүйке жасушалары мен сигналдарды анықтауға жәрдемдеседі.
Бұл аппарат қалай жұмыс істейді?
Алғашқы аппарат басқа кию үшін арналған. Алдымен оған сұйықтық (гель) жағып алу қажет. Егер ол сұйықтық жағылмайтын болса аппарат сигналды дұрыс оқымайды.
Содан соң науқастың басына киіледі. Ол мидың сигналдарын оқитын болады.
«Бұдан кейін қолды жазып-тарту арқылы сигналды оқуға жәрдемдесу керек. Ол өз кезегінде ми сигналын түбегейлі анықтайтын болады. Мониторда қызыл-жасыл белгілер шығады. Жасыл белгі аппараттың дұрыс киілгендігін көрсетсе, қызыл түс теріс қолданғандықты айғақтайды. Бұл құрылғыны біздер сатып алдық. Ал, болашақта өзіміз жасағымыз келеді. Неге десеңіз осы аппараттың кемшіліктері бар, біз оны жақсартқымыз келеді», – деді инженерния мектебінің түлегі Шарипов Асхат.
Мына құрылғы қолы істен шыққан адамға арналған. Инсульттан соң қолының жұміс істеу қабілеті нашарлаған, тіпті мүлдем сал болып қалған қолды бұрыңғы сау қалпына келтіру үшін жасалған. Қолды ашып-жазу арқылы ол қолдың бұлшық еттеріне әсер етеді. Нәтижесіне қол клеткалары оянып, бірте-бірте сау қалпына келеді.
Ал, мына аппарат қолы жоқ адамға арналған. Ол қолдың орнына жұмылып-босап отырады. Осы жаттығу қолдың жұмыс істеу қабілетін арттырып, жүйке жасушаларын оятады.
Төмендегі құрылғы болса жоғарыдағы аппараттарды байланыстырушы тетік ретінде қолданылады.
Болашаққа жоспар қандай?
«Аталған аппараттарды қолдануға ыңғайлы етіп, ықшамдайтын боламыз. Бүгінде оның екі функциясы ғана бар. Келешекте олардың саны 15-ке жететін болады. Сондай-ақ, басқа да ауру салдарынан зардап шеккен дене мүшелерін қалпына келтіру үшін жаңа аппараттар жасасақ дейміз. Дегенмен, отандық медицинаға нәтижеге қол жеткізгеннен соң ғана енгізілетін болады», – дейді инженерия мектебінің түлегі Жолдасхан Байкен.
Ал, екінші жоба Robo-glove деген атауға ие. Жобаның қызметі де, мақсаты да бірінші жобаға ұқсас келеді. Аталған жобаның басы-қасына 2 инженер, 2 биолог, экономист шоғырланған. Ол білезік базасы арқылы қызмет атқарып, бұлшық ет белсенділігін анықтайды. Ал, білезік болса жинақталып, ықшамдалып жасалған. Кез келген адамның қолына киіп алуға болады. Бұл жобаның басты мақсаты – сал ауруына ұшыған адамның қолын қайта қалпына келтіру.
Аталған жоба қалай жұмыс істейді?
«Алдымен қолды сенсор арқылы жұму қажет. Қолды жұмған кездегі қолдан алынған сигналдар қорап ішінде тұрған Bluetooth модуліне жіберіледі. Артынша оны Bluetooth модулі қабылдап, ол арнайы микробақылауға жіберіледі. Микробақылауда бүкіл сигналдар анализден өтіп, моторлар арқылы қол өздіген ашылып-жұмылады», – деді студент Еламан Бейсханов.
Оның айтуынша, алдағы 3 айдың ішінде Startup жоба ретінде құрылады. Сондай-ақ, алдағы уақытта аппараттың көлемі пациентке ыңғайлы етіп жасалмақ.
Болашақта осындай аппараттардың пайдасы қандай болмақ?
- Инсульттың салдарынан сал ауруына шалдыққандар азаяды;
- Жұмысқа жарамды адамдар легі көбейеді;
- Еңбек өнімділігі артады;
- Науқастың денсаулығы жақсарады;
- Күш-қуаты қалпына келеді.
Жалпы алғанда мұндай аппараттардың көмегімен адамның кез келген дене мүшесі мен органдарын бұрыңғы қалпына келтіруге болады. Бұл өз кезегінде дәрігер мен пациенттің жұмысын жеңілдетіп, оң серпін бермек. Бұған қоса инсульт секілді ауыр дерттің салдарынан құлан-таза айыға алатын хәлге жететін боламыз. Нәтижесінде еліміздің денсаулық сақтау саласы жақсарып, тұрғындардың әл-ауқаты артатын болады.
Назерке Еркінқызы