20 мам, 2020 сағат 06:14

Инспекторлар Шарыннан альбинос қарақұйрықты қайта жолықтырды

Табиғат қорғау инспекторлары Шарын ұлттық паркіндегі альбинос қарақұйрықты әуеден санақ жүргізу кезінде видеоға түсірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетіне сілтеме жасап.

«Альбинос қарақұйрық Шарын ұлттық паркі аумағында жүргізілген әуе санақ кезінде тағы да инспекторларға жолықты. Ғылыми қызметкерлердің айтуы бойынша, табиғатта мұндай құбылыс жиырма мыңның бірінде ғана кездеседі екен. 

Қарақұйрық көрікті болғанымен оның өмір сүруі өте қиын болмақ. Жыртқыш аңдардың көзіне бірден түсіп, альбиностарға тән түрлі ауруға шалдығуы мүмкін. Ұлттық парк қызметкерлері мен «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары ерекше аңды назарда ұстайтын болады», делінген комитеттің Facebook-тегі парақшасында.

Қарақұйрық Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Үшінші санаттағы саны азайып бара жатқан аң түрі. Ол өткен ғасырдың ортасына дейін Каспий теңізінен Іле ойпатына дейін барлық шөлейтті және шөлді аймақтарда тегіс мекендейтін. Сол кезде елімізде 200 мыңдай қараққұйрық болса, оның 100 мыңдайы Маңғыстау облысының аумағында тіршілік етті. Бүгінде Қазақстанда 20-25 мыңдай қарақұйрық мекен етеді.⠀