12 ақп, 2021 сағат 17:23

Инспекторлар киіктерге қаскөйлік жасаудың 85 фактісін тіркеді - Ерлан Нысанбаев

Киіктер мен басқа да жабайы жануарларды олжалауға кәніккен бірқатар қылмыстық топ әшкере болды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы жануарлар дүниесі нысандарын сақтау бойынша тиісті шаралар қабылданды. Инспекторлар киіктерге қаскөйлік жасаудың 85 фактісін тіркеді. Киіктердің 727 ұшасы мен 9 743 мүйізі тәркіленді. 71 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, келтірілген залал 2,4 млрд теңгені құрады», - вице-министр.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, «Киік» табиғатты қорғау акциясы жүзеге асырылды. Оның аясында алдын алу іс-шаралары жандандырылып, киіктер мен басқа да жабайы жануарларды олжалауға кәніккен бірқатар қылмыстық топ әшкере болды.

Ерлан Нысанбаев 2021 жылға арналған басым міндеттердің қатарында Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасының қабылдануын, сондай-ақ жануарлар дүниесін сақтау және аңшылық шаруашылықтарын дамыту жөніндегі 2030 жылға дейінгі мастер-жоспардың бекітілуін атады.