Инновация деңгейі бойынша әлем елдерінің 2020 жылғы рейтингінде Қазақстан 131 мемлекеттің арасында 77-орынды иеленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР индексі 28,6-ны құрады. Бұл Қырғызстанға қарағанда көп, бірақ Ресей, Армения және Беларусь сияқты ЕАЭО елдеріне қарағанда аз.
Рейтингіні Швейцария, Швеция және АҚШ бастап тұр.
Инновациялар деңгейі бойынша рейтинг әлем елдерінің инновациялық даму көрсеткіштерінің неғұрлым толық кешенін білдіреді. Инновациялар индексі экономикалық дамудың түрлі деңгейіндегі елдердің инновациялық дамуын егжей-тегжейлі сипаттайтын әртүрлі 80 ауыспалы көрсеткішті қамтиды.
Индексте көрсеткіштердің екі тобы бағаланады:
• инновацияларды жүргізу үшін қолда бар ресурстар мен жағдайлар (Innovation Input);
• инновацияларды жүзеге асырудың қол жеткізілген практикалық нәтижелері (Innovation Output).
Қазақстан аталған көрсеткіштердің 1-тобы бойынша рейтингіде 131-ден 60-орынды,2-топ бойынша 94-орынды иеленді.
Инновациялардың даму деңгейін сипаттайтын барлық 80 көрсеткіш 7 ірі санатқа біріктіріледі. Олардың ішінде ҚР-да «институттар» (институционалдық құрылым) санатында ең жоғары көрсеткіш бар: мұнда ел индексі 69-ды құрады. «Институттар» санаты бизнесті, саяси ортаны және нормативтік-құқықтық базаны бағалайды.
Қазақстандағы ең төмен көрсеткіш – «шығармашылық нәтижелер» санаты бойынша: мұнда индекс небәрі 12,9-ды құрады (рейтингтің 105-ші жолы). Бұл санат материалдық емес активтерді, шығармашылық тауарларды, сондай-ақ қызметтер мен интернет-шығармашылықты ескереді.