Фото: Pexels.com
Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуында 2024 жыл маңызды кезеңге айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғырту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Мемлекеттік және жеке инвестицияларды тиімді пайдалану, сапалы жобаларды жүзеге асыру, қаржылық бақылауды күшейту қажеттілігіне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Ұлттық инфрақұрылым жоспары
2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары төрт негізгі бағытты қамтитын 204 жобаны іске асыруды көздейді:
1. Энергетика – энергиямен сенімді қамтамасыз ету, жаңартылатын энергия көздерін дамыту.
2. Көлік – автожолдар мен теміржолдарды жаңғырту.
3. Сумен жабдықтау – ауыл-аймақтарды таза ауызсумен қамту.
4. Цифрландыру – инфрақұрылымға цифрлық шешімдерді енгізу.
Энергетика саласы
2024 жылы энергетикалық инфрақұрылымды дамыту аясында 14 ірі жобаға 52,7 млрд теңге бөлініп, жылу-электр жүйелерін жаңғыртуға басымдық берілді. ЖЭК дамытуда халықаралық әріптестік күшейді. Сауд Арабиясы, Қытай, Катар, және Ресеймен бірге жел, күн, су электр стансалары құрылысын қамтитын келісімдер жасалды.
Көлік инфрақұрылымы
2024 жылы Қазақстанда 12 мың шақырым автожол жөнделіп, төрт ірі көлік дәлізінің құрылысы аяқталды: Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахан. Теміржол саласында 1401 шақырым жөнделіп, жолаушылар мен жүк тасымалының көлемі артты.
ТХКБ және логистика
Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілеті артып, 11 айда жүк тасымалы 63%-ға өсіп, 4,1 млн тоннаға жетті. Алматы мен Қызылорда әуежайларындағы жаңа терминалдардың ашылуы жолаушылар ағынын бірнеше есе ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Қорытынды
2024 жылы жүзеге асырылған инфрақұрылымдық жобалар елдің экономикалық өсуін нығайтып, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды. Қазақстанның стратегиялық жоспарлары алдағы жылдары да орнықты даму бағытын жалғастыруға мүмкіндік береді.