17 мау, 2020 сағат 16:21

Инфекционист дәрігер: Италия мен АҚШ-тағы жағдайдан сабақ алу керек

Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева КВИ қаупінен сақтану үшін сыртқа себепсіз шықпауды тағы да халықтың есіне салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирусқа бәрібір – бірінші толқын ба, жиырмасыншы толқын ба — айырма жоқ. Вирусқа жаз ба, күз бе, қазақсың ба, гүржісің бе – бәрібір. Ол ең алдымен өзінің көбею жолын іздейді. Міндеті - өкпеге жетсе болды. Қазір коронавирус ЖРВИ немесе пневмония арқылы белгілі болып отырған жоқ. Сол себепті біз созылмалы аурулары бар адамдарға маңыз беріп келеміз. Коронавирус жұқтырған адамның бұрыннан бергі созылмалы ауруы қозып кетуі ықтимал», - деді Динагүл Баешева Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасындағы «Министрлік хабарлайды» айдарында. 

Инфекционист дәрігердің айтуынша, осыған дейін Қазақстан қатаң шектеу шараларын енгізгенімен экономикадағы туындаған қиындықтарға байланысты шектеу шараларын алуға мәжбүр болған. 

«Бірақ үш айдың ішінде адамдар коронавирусқа қарсы күресті үйреніп алатындай уақыт болды. Себебі құрып кеткен жоқ. Арамызда жүр. Қаупін сезіне жүруіміз керек. Мәселен, Оңтүстік Кореяда бір монашка ғана 300 адамды жұқтырған. Яғни мұндай ошақтар кез келген уақытта туындауы мүмкін. Сондықтан біздің міндет – жағдайға қарай бейімделу. Қажеттілік туындамаған жағдайда сыртқа шықпаған абзал», - деді ол. 

Динагүл Баешева Италия мен АҚШ-тағы жағдайды ұмытпауға шақырды. 

«Ол жақтағы адамдар жиналып алып, вирусты көзге ілгісі келмегендіктен, ахуал қиындап кетті. Ал Сингапур, Тайланд елдері ақырын жүріп, анық басып келеді. Сонда ғана туған-туыстарымызды, достарымызды қауіптен сақтай аламыз», - деді ол.