20 нау, 2019 сағат 16:34

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде кадрлық тағайындаулар жасалды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде кадрлық тағайындаулар жасалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Үкімет қаулыларымен:

  • Қайырбек Өскенбаев ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі лауазымына тағайындалды, ол бұған дейін атқарған қызметінен босатылды;

  • Берік Қамалиев ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалды;  

  • Аманияз Ержанов ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалды. 

Қ. Өскенбаев 1964 жылы дүниеге келген. ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, Ақмола аграрлық университетін және Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Дипломатиялық академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1982 жылы бастаған. 1982–1993 жылдары ішкі істер органдарында қызмет еткен, Ақмола қалалық әкімшілігінің коммуналдық меншік бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарған. 1993–1996 жылдары бас кеңесші заңгер, заңды қамсыздандыру және бақылау бөлімінің басшысы, ҚР мемлекеттік мүлік бойынша Ақмола аумақтық комитетінің жекешелендіру жөніндегі бюро директоры ретінде жұмыс істеген. 1996–2006 жылдар аралығында ҚР жекешелендіру бойынша Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік комитетінің басқарма төрағасының орынбасары, Мемлекеттік мүлікті басқару бойынша Ақмола аумақтық комитетінің төрағасы, Ақмола қаласы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру бойынша аумақтық комитет төрағасы, «Астана қаласының коммуналдық меншік қоры» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры, ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Сауда және туристік қызметті реттеу комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2006–2011 жылдары ҚР Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы жөніндегі комитетінің төрағасы және Қазақстан Республикасының туризм және спорт вице-министрі ретінде жұмыс істеген. 2011–2016 жылдары «20015 әскери бөлімшесі» РММ материалдық-техникалық қамсыздандырудың басты басқармасының басшысы, «ҚазМұнайГаз – Сервис» ЖШС бас директорының орынбасары, ҚР аймақтық даму бірінші вице-министрі және ҚР ұлттық экономика вице-министрі қызметтерін атқарған. 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры лауазымын атқарды. 2018 жылғы қаңтардан қазіргі таңға дейін — индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі.

Б. Қамалиев 1960 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын, Қарағанды мемлекеттік университетін, Ресей Федерациясы президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Түрлі жылдары ҚР Премьер-Министрі кеңесшісі, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі транспорттық инфрақұрылымды дамыту Комитетінің төрағасы болып қызмет етті. 2010 жылдың сәуірінен 2011 жылдың сәуірі аралығында - индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі. Одан соң көлік және коммуникациялар министрі болып тағайындалды. Сонымен қатар Б. Қамалиев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы болды. 2016 жылдың 29 сәуірінен бастап «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ инфрақұрылымдық жобалар және машинажасау жөніндегі вице-президенті болды. 2016 жылдың шілдесінен желтоқсаны аралығында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі. 2017 жылы DE MONTFORT UNIVERSITY Лондон университетінде тағылымдамадан өтті. 2018 жылдың қаңтарынан қазірге дейін «East Mar Kazakhstan» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы лауазымын атқарды.

А. Ержанов 1960 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын, БЛКЖО ОК жанындағы жоғары комсомол мектебін, Қазақ мемлекеттік басқарма академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1982 жылы Орал облысы Тайпақ ауданының Красноярский кеңшарының бас инженер-гидротехнигі қызметінен бастаған. Әр жылдары ҚР Премьер-Министрінің орынбасарының көмекшісі, кеңесшісі, ҚР Мемлекеттік кеден комитетінің департамент директоры, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссиясының сектор меңгерушісі, Атырау облысы бойынша кеден басқармасының басшысы, ҚР Кедендік бақылау агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2005–2006 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2006–2007 жылдары — Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. 2007–2012 жылдары — ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары, ҚР ИЖТМ Өнеркәсіп комитетінің төрағасы. 2012 жылғы ақпан мен 2017 жылғы тамыз аралығында — ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары. 2014 жылдың тамыз айынан 2017 жылдың наурызына дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2017 жылғы наурыз айынан бастап — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі.