09 қаң, 2020 сағат 14:12

Индира Рыстина: Абайдың сөзі қазір де, келешекте де маңызын жоймайтыны хақ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің саясаттану кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, Абай мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау жобасының жетекшісі Индира Рыстина Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақаланың ерекшелігі – Абай шығармашылығының заманауи үлгісінің көрінісі айқын жазылған. Қазіргі кездегі мәселелер Абай өлеңдерінің призмасы арқылы қарастырылады. Бұл кезде аса мән беріп айтқым келгені: білім, ғылым және тіл мәселелерінің Абай өлеңдеріндегі сипаты бүгінгі заманауи Қазақстанның қажеттігін ашық әрі жарқын түрде көрсетеді. Мысалы, біздің қазір өмір бойы білім алу керек деген қағидамыз бар. Ол – қазіргі қағида деп есептеледі. Егер Абай өлеңдерін талдар болсақ, әрдайым білім алу керек. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп айтқан бір сөзі ғылымның ерте кезден бастау алуы керектігін айқындай түседі», - дейді ол.

Индира Рыстина атап өткендей, былтыр Қазақстанда Жастар жылы аясында жас ғалымдарға арналған арнайы ғылыми жобалардың гранттары жарияланды.

«Ғылымды жас кезінен бастап дәріптеу» деген Абайдың сөзі қазір де, келешекте де маңызын жоймайтыны хақ. «Педагог мәртебесі туралы» қабылданған заңда оқытушыға деген құрмет айтылған. Ал, бұл Абай өлеңдерінде әрдайым көрініс тауып отырады. Сондықтан Абайдың бүгін дәріптелуі, Абай мұрасына оралуымыз жайлы жазылған Президентіміздің мақаласы өте орынды деп есептеймін. Қазақ халқына, қазақ жастарына Абайды оқу, Абайдың жетістіктері мен оның насихатын жеткізу – біздің заманымыздың, біздің ғасырымыздың бірден-бір міндеті», - дейді ол.

Еске сала кетсек, «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланған болатын.