ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов әскери қызметші, ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының капитаны, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованы Рио-де-Жанейродағы Олимпиадада үш қарғып секіру сайысында жеңіп алған қола медалімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Құрметті Ольга Сергеевна! Сізді Рио-2016 Олимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан жеңімпаз атанып, қола медаль алуыңызбен құттықтаймын. Бұл лайықты марапат. Сіздің жоғары шеберлігіңіз, ерік-жігеріңіз бен жеңіске деген құлшынысыңыздың ерекше көрсеткіші. Төрт жылда бір рет өтетін беделді әлемдік спорт сайысында Сіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің жоғары деңгейін көрсетіп, еліміздің туын көкке желбіреттіңіз. Осынау жоғары нәтиже өскелең ұрпақ үшін кәсіпқойлықтың жарқын үлгісі», - деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов өзінің құттықтау жеделхатында.
Рыпакова бірінші мүмкіндігінде 14,74 метр нәтижесін көрсетті. Бұл оның маусымдағы үздік нәтижесі болды.
Лондонда өткен Олимпиадада ол алтын медаль иегері атанды.
Ұлт порталы