18 қар, 2018 сағат 10:25

Иманғали Тасмағамбетов: Ана тілді сақтау - әрбір адамның басты парызы

Мәскеу Мемлекеттік Лингвистикалық Университетінде қазақ тілі мен мәдениет орталығының 15 жылдығына орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен құрылған бұл мекеме осы уақыт аралығында екі ел арасында ғана емес, жалпы руханият саласындағы өзінің үлкен орны мен рөлін дәлелдеді. Қазақ тілі мен мәдениеті орталығының 15 жылдық межелі мерекесі екі елдің ынтымақтастығына елеулі үлесін қосып отыр.

Жиынға келгендер алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Өкілетті және Төтенше елшісі Иманғали Тасмағамбетов халықтар арасындағы мәдени құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа тіл арқылы тарайтынын айтты. "Тіл-елдігімізді танытатын негізгі құрал, бабалар өсиетін жалғастыратын құндылық. Ұлы жазушы және философ, Нобель сыйлығының лауреаты Альбер Камю былай айтқан екен: "Ия, менің туған жерім бар. Ол француз тілі", – деп өз сөзін сабақтады елші мырза.

Сондай-ақ ол, ЮНЕСКО ұйымының мәліметі бойынша, 2030 жылы 20 млн. адамнан кем сөйлейтін тілдер болашақта жойылу қаупі бар екенін  еске салып өтті. "Ия, табиғатта тіл мен мәдениет қана емес, барлығы да жойылуы мүмкін. Алайда ана тілді сақтау, әрбір адамның басты парызы. Азаматтың ұлттық санасы – өз тарихын, мәдениетін байланыстыратын, адамдарды ұйыстыратын өзегі", – деді Иманғали Тасмағамбетов.

Осы 15 жыл ішінде қазақ тілін меңгерген 3 буын түлеп ұшты. Өз кезегінде, ММЛУ ректоры Ирина Краева, осы уақыт аралығында 50-ге жуық азамат қазақ тілін біліп қана қоймай, кәсіби тұрғыда  халықаралық дәрежеде келіссөздер жүргізе алатын маман болғанын  мақтанышпен жеткізді.

"Қазақ тілі көп мәдениетті тіл үйренушілердің орталығында толыққанды мүшесі атанды", – деді Ресей университет басшысы.

Шара соңында Қазақстан елшісі Иманғали Тасмағамбетов Орталықтың интерактивті таныстырылымын көріп, ресейлік студенттермен қазақша сөйлесті.