Екі дүркін Олимпиада чемпионы, Риодағы Олимпиада ойындарынан шеттетілген қазақстандық ауыратлет Илья Ильин Рио-де-Жанейроға барады, - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі
"Fly to #rio Өзімнің командамдағы спортшыларға қолдау көрсету үшін бара жатырмын және барлық қазақстандықты жеткен жеңістермен құттықтаймын!", - деп жазды Ильин өзінің Instagram желісіндегі парақшасында.
Қазіргі уақытта Қазақстан жалпы медальдық есепте 11 орында. Қоржында - 7 медаль. Бүгін жүзгіш Дмитрий Баландин, зілтемірші Нижан Рахимов олимпиада чемпионы атанды, күміс медальды дзюдошы Елдос Сметов пен зілтемірші Жазира Жаппарқұл еншіледі. Қола медальды дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг, ауыр атлеттер Фархад Харки мен Карина Горичева қанжығаларына байлады.
Еске салсақ, Илья Ильин Олимпиадаға допинг жанжалы салдарынан қатыса алмады. 2008, 2012 жж. олимпиадаларындағы допинг сынамалары оң нәтиже көрсетті, екі дүркін олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин жарыстан шеттетілді. Сонымен қатар допинг қолданбағанын дәлелдеу бойынша процесс жалғасуда.
Ұлт порталы