Қазақстандық спортшы Илья Ильин Астанада журналистермен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БАҚ өкілдері допинг дауынан кейін екі жыл спорттан шеттетілуге мәжбүр болған атлеттен қиын сәтте одан кімдер теріс айналғанын сұрады.
"Менен ешкім теріс айналған жоқ. Барлығы жақсы болды. Өмірде кейбір адамдармен жолың айырылатын сәттер болады. Оның өмірі басқа, сенің өмірің басқа арнаға түседі. Бірақ менен ешкім теріс айналып кеткен жоқ. Сол үшін де мен бақытты жанмын. Ата-анам, жақындарым – бәрі қиын сәтте жанымнан табылды. Әлсіздігіңді бөтен біреуге көрсете алмайсың ғой, тек үйде ғана. Қиын сәттерде шыдамдылық танытып, маған демеу болған әке-шешеме алғыс айтамын", — деді Ильин.
Ильин сондай-ақ бұрынғы бапкері - Ержас Болтаевпен қарым-қатынасы туралы айтты.
«Ержас жайлы айтарым - бұрынғыдай қарым-қатынасымыз жақсы. Ол Қазақстан құрамасына жұмыс істеуге кетті. Қазір жігіттерді баптап жатыр. Керемет жаттықтырушы. Мен әрдайым ол жайлы айтып келемін, Қазақстан құрамасын алға жетелеп жүре алатын адам. Ол жақта Сергей Седов, Арман Әбдіреев те бар. Құраманың осы тіректері атлеттерді шынайы дайындай алады. Олар оны дәлелдеп келеді», - деді ауыр атлет.
«Соңғы мәрте серпіліс жасау керек!» деген ауыр атлет спорттық мансабын Токиода аяқтау туралы идея бұрыннан барын жеткізді.
Еске сала кетсек, Илья Ильиннің сынамасынан допинг табылып, 2008 және 2012 жылдары өткен Олимпиада ойындарының алтын жүлделерінен айырылған еді. Ауыр атлетті спорттан шеттету мерзімі осы жылдың 10 маусымында аяқталды.