Өткен тәулікте Америка кәсіпкері Илон Маск Tesla акцияларының төмендеуі салдарынан 14 млрд-қа жуық долларынан айырылды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Bloomberg Billionaires Index (BBI) сауда және индекс мәліметтеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Осылайша, Масктің байлығы 13,6 млрд долларға азайып, 176 млрд долларды құрады. Кәсіпкер қазір әлемнің ең дәулетті адамдарының тізімінде Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безостан кейін екінші орында тұр.
Маск әлемнің ең бай адамдары тізіміндегі бірінші орыннан екі күн бұрын, 23 ақпанда айырылды. Бұл күні Tesla акцияларының құны 8,6 пайыз төмендеп, бизнесменнің дәулеті 15,2 млрд долларға азайды.
Bloomberg агенттігі бұған Масктің биткоин бағасы жайында берген түсініктемесі себеп болуы мүмкін екенін атап өткен.
20 ақпан күні Twitter пайдаланушыларының бірімен хабар алмасу барысында ол биткоин криптовалютасы мен эфириум бағаларын жоғары деп атаған еді. Илон Масктің осы айтқаны криптовалютаның құлауына әсер еткен болуы мүмкін», - деген болжам жасайды Bloomberg.