ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев автожолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Министрдің айтуынша, өткен аптада ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар жолдарда қозғалыс тоқтатылды. Ауа райының қауіпті болуы туралы ескертулер бұқаралық ақпарат құралдары мен СМС арқылы таратылды. Алайда, осы ескертулерге қарамастан, төтенше жағдайлар кезінде көптеген жүргізушілер жолға шыққан.
Министрдің айтуынша, ауа-райы жағдайлары жолдардағы жағдайға кері әсерін тигізді. Атап айтқанда, температураның «нөл градусқа» дейін күрт көтерілуі және соның салдарынан көктайғақтың қалыптасуы, сонымен қатар жаңбыр мен қар жаууының, тұманның әсерінен жолдың көрінуінің шектелуі.
Сонымен бірге, полиция апатты жағдайларды азайту мақсатында күн сайын республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күрделі метеорологиялық жағдайларда көлік құралдарын пайдалану және көлік қозғалысының шектеулері туралы ақпарат таратты.
Бұған қоса, Е. Тұрғымбаевтың айтуынша, көптеген жүргізушілер ақауы бар көлік құралдарын жүргізе отырып, қозғалысы жабық қауіпті учаскелерге айналма жолдар бойынша жолға шыққан.
«Жол қозғалысы ережелерін ескермей, көктайғақ пен жолдың көрінуі шектеулі жағдайда жылдамдық режимін бұзып, қашықтықты сақтамағанның салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алды», — деді министр.
Ішкі істер органдары коммуналдық қызметтермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кептелістерді жою, жолдарды тазарту, инертті материалдарды себу, эвакуациялау және азаматтарға шұғыл көмек көрсету шараларын орындады.
Барлығы қар құрсауынан 120-дан астам автомашина мен 900-ден астам адам эвакуацияланды. Эвакуацияланған азаматтар жақын маңдағы елді мекендерде орналасқан жылу пункттеріне орналастырылды. Өңірлерде азаматтарға көмек көрсету үшін жедел штабтар құрылды.
Е. Тұрғымбаевтың айтуынша, адамдарды құтқаруға ТЖК-нің 200-ден астам қызметкері мен 300 полиция қызметкері, 170 бірлік құтқару техникасы мен полиция машиналары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінің арнайы техникалары тартылған.
«Трассалық медициналық-құтқару пунктерінің бригадалары ЖКО болған жерлерге 42 сапар жасады, 41 азаматқа медициналық көмек көрсетті», — деді министр.
Қазіргі уақытта жолдардағы жағдай тұрақтандырылды, олардың қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге барлық қажетті техникалар мен адам ресурстары тартылды.
«Алайда, 8 өңірде ауа-райы әлі де тұрақсыз. Олар: Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары. Осыған байланысты біз облыстардың әкімдерін жағдайды бақылау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз», — деп түйіндеді Ішкі істер министрі.