10 қар, 2025 сағат 11:11

ІІМ: Заңсыз айналымнан 27 тоннадан астам есірткі тәркіленді

Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы бағытталған “Қарасора-2025” республикалық іс-шарасының нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Маусым мен қазан айлары аралығында полиция, Ұлттық ұлан және Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері бірлесіп жұмыс істеген. Операция барысында тікұшақтар, дрондар және спутниктік координаталар қолданылған.

Министрлік деректеріне сәйкес:

  • 3,5 мыңнан астам есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды;

  • 27 тоннадан астам есірткі тәркіленді;

  • құрамында есірткі бар өсімдіктердің 110 мыңнан астам түбі жойылды;

  • 4 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық топ әшкереленді;

  • 6 есірткі зертханасы жойылды;

  • есірткі жеткізудің 50 ішкі арнасы жабылды.

Өңірлердегі нақты нәтижелердің бірқатары:

  • Жамбыл облысында 200 келіден астам марихуана тәркіленді;

  • Алматы әуежайында Үндістан азаматы 3 келі марихуанамен ұсталды;

  • Жезқазғанда 100 келі марихуана тәркіленді;

  • Қызылорда облысында 300 келі салмаққа тең 928 түп қарасора анықталды.

Министрлік “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында азаматтардың денсаулығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытында жүйелі жұмысты жалғастыратынын атап өтті. Ведомство мәліметінше, есірткі жолына түскен әр адам жазаға тартылатынын анық түсінуі тиіс.