03 сәу, 2018 сағат 10:45

IIМ: ШҚО-дан өзге 5 облыс су тасқынына дайын болуы керек

Қазiргi таңда Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстiк Қазақстан облыстарында жағдай күрделi, осы өңiрлерде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Осыған орай, жергiлiктi атқарушы органдар кез келген жедел шаралар қабылдауға дайын болулары керек. Үкiмет отырысында Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев iшкi iстер министрiнен Шығыс Қазақстан облысындағы жағдай мен су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындарға көмек қалай көрсетiлiп жатқанын сұрады.

«Өткен отырысымызда көтерiлген мәселе - төтенше жағдай қызметкерлерiнiң қажеттi құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етiлмеуi. Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы, осы бойынша мәлiмет берiңiз», - дедi Үкiмет басшысы.

Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, республика бойынша барлығы 50 елдi мекенде 1500-ден аса үйдi су басып, 3800-ден аса адам көшiрiлген. Судың тасу себебi - ауа райының күрт жылынып, жауын-шашынның нормадан 3 есе көп түсуi. Қабылданған шаралардың арқасында 1100-ден аса үй судан босатылып, 2700-ден астам адам үйлерiне оралған.

«Шығыс Қазақстан облысының жағдайы аса күрделi. Қазiргi таңда онда 396 үй мен 185 аула су астында қалып отыр. Осыған байланысты Семей қаласында, Аягөз, Зырян және Шемонаиха аудандарында жергiлiктi ауқымды төтенше жағдай жарияланды. Апаттық-құтқару және кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жасауға 1 мыңнан аса адам, 200 бiрлiк техника, 96 мотопомп және 10 қайық қатысуда. Мемлекеттiк-материалдық резервтен Шығыс Қазақстан облысына 8 бiрлiк техника және жылжымалы электр станциялары берiлдi», - дедi Қасымов.

Министрдiң айтуынша, қазiргi таңда Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстiк Қазақстан облыстарында да жағдай күрделi, осы өңiрлерде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Осыған орай, жергiлiктi атқарушы органдар кез келген жедел шаралар қабылдауға дайын болулары керек.

«Бақытжан Әбдiрұлы, сiздiң тапсырмаңыз бойынша кеше Асқар Ұзақбайұылының (Мамин - премьер-министр орынбасары - авт.) төрағалығымен азаматтық қорғау бөлiмшелерiнiң материалдық-техникалық жабдықталуы мәселелерi туралы кеңес өттi. Негiзi бұл мәселе бiраз жылдан берi қаражаттың аздығынан шешiлмей келе жатыр. Бүгiнгi күнi құтқару қызметтерiн техникалық қамтамасыз ету 30 пайыздан аспайды. Шығыс Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан, Қостанай облыстары, Астана қаласы бюджеттерiнен аталған бағытқа қаражат өте аз бөлiндi. Дәл осы кезеңде бiзге 4 млрд теңгеден астам қаржы керек. Осыған қатысты тиiстi есептер мен негiздемелер дайындаймыз», - дедi Қалмұханбет Қасымов.

Еске салсақ, бүгiн Үкiмет отырысында премьер-министр Шығыс Қазақстан облысына шұғыл түрде қаржы бөлудi тапсырған болатын.