Заңсыз жиындар мен митингілер кезінде ұсталған кейбір азаматтар қылмыстық қудалауға ұшыраған жоқ. Бәрі үйлеріне жіберілді. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ол бүгін, 10 қаңтар – сайлау күні кейбір қалаларда заңсыз жиындар мен митингілер ұйымдастыру, оған қатысу және үгіттеу фактілері тіркелгенін атап өтті. Жергілікті атқарушы органдар, прокуратура қызметкерлері азаматтарға акцияның заңсыз екенін бірнеше рет ескертіп, тоқтату қажеттігін түсіндірген.
"Кейбір азаматтар мемлекеттік билік өкілдерінің заңды талаптарын орындаудан бас тартты. Оларды қызметкерлеріміз полиция бекеттеріне жеткізуге мәжбүр болды. Олар профилактикалық әңгімелесуден кейін үйлеріне жіберілді. Ешқайсысы да әкімшілік немесе қылмыстық қудалауға ұшыраған жоқ. Жалпы елімізде қазіргі уақытта жағдай тұрақты", - деді Заппаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ, ол дауыс беру кезінде сайлау учаскелерінде айтарлықтай заңбұзушылықтар тіркелмегенін мәлімдеді.
Карантин күшейтілген кейбір қалаларда сайлау комиссияларының төрағалары акт толтырды. Оған сәйкес, санитарлық шектеулерді бұзғаны үшін және комиссия жұмысына кедергі келтіріп, сайлау учаскелерінде болу тәртібін сақтамағаны үшін 10 бақылаушы ғимараттан мәжбүрлі түрде шығарылды.
Заппаровтың айтуынша, қазір полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Олар қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, сайлау учаскелеріндегі бюллетеньдер мен хаттамалардың аудандық, облыстық комиссияларға еш кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етеді.