19 сәу, 2022 сағат 13:34

ІІМ қаңтар оқиғасына қатысты қанша қылмыстық іс қарап жатыр?


Ішкі істер органдары қаңтар оқиғасына қатысты 1 260 қылмыстық істі қарап жатыр. Бұл туралы ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазіргі уақытта ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде бұрын қабылданған шешімдерді ескермесек, 1 260 қылмыстық іс бар. Бұл істер бойынша ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 158 адам күзетпен ұсталды", - деді Санжар Әділов.

Қылмыстың өндірістегі істің 204-і ұрлық, 180-і заңсыз қару айналымы, 21 іс бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру бойынша қаралып жатыр. Күдіктілердің кінәсі қылмыс жасалған орындарда түсірілген видео, куәгерлердің сөзі, заттай дәлел арқылы дәлелденген. Жуырда осы қылмыстық істер бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.

95 миллион теңге өтелді

Санжар Әділовтың айтуынша, қазірге дейін ішкі істер органдарының тергеушілері 402 айыпталушыға қатысты 255 қылмыстық істі айыптау актісімен аяқтап, сотқа жолдады.

"Бұл істердің басым бөлігі Алматы қаласында тіркелді – 183, Алматы облысынде - 46 және Көліктегі полиция департаменті бойынша 10 қылмыстық іс. Бұл істер бойынша жәбірленушілерге келтірген шығынның шамамен 95 миллион теңгесінің орны толтырылды", - деді Санжар Әділов.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында полиция қызметкерлері ұрланған мүліктерді тапты. Сондай-ақ жасаған ісінің салдарын ұғынған айыпталушылар залалдың орнын толтырды. Бұл сома соның есебінен жабылды.

"Алматы қаласы бойынша 65 миллион теңгеден астам, Алматы облысында 16 миллион теңгеге, Жамбыл облысы бойынша 3 миллион теңгеден астам келтірілген зардаптың орны толтырылды. Көліктегі полицейлердің қатысуымен 10 миллион теңгеден астам шығын өтелді", - деді ол.