12 қар, 2020 сағат 09:56

ІІМ Дулат Ағаділдің ұлының өліміне қатысы бар күдіктілердің ұсталғанын хабарлады

ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов 17 жасар Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты тергеу амалдарының мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«10 қарашада елордадағы Көктал шағын ауданында төбелес болып, оның салдарынан пышақ жарақатынан 17 жасар Жанболат Ағаділ көз жұмды. Тергеу амалдары барысында ерегіс ЖШС жұмысшылары мен Талапкер елді мекені жастары арасында болғаны анықталды», - деді С. Әділов министрлік ұйымдастырған онлайн брифингіде. 

Оның айтуынша, 6 қарашада Көкталда жастар арасындағы кикілжің соңы төбелеске ұласқан. Бұл жанжалға Талапкерден келген өзге адамдармен бірге Ж. Ағаділ де қатысқаны анықталды. Төбелесте ол пышақ жарақатын алған. Аталған фактілер бойынша 293-бабы 3-бөлігі мен 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық істер тұрғысында тергеу жүріп жатыр. 

«Аталған аумақтағы іздестіру шаралары барысында патрульдік полиция өкілдері төбелесте болғандардың барлығын ұстады. Полицейлер ізін суытпай негізгі күдіктілерді де қолға түсірді. Қазіргі кезде төбелеске қатысқан үш адам, оның ішінде адам өліміне қатысты күдікті бір адам елордада Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Санжар Әділов.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде іс бойынша жиналған айғақтардың барлығын ескере отырып, күдіктілердің айыбы дәлелденді. Осы орайда төбелес бойынша күдіктілер, сондай-ақ адам өліміне қатысты күдікті аса ауыр қылмысты жасауда толықтай әшкере болды. 

«Тергеу амалдарының барысы қадағалауда тұр. Заңнамаға сәйкес, оның нәтижесін қосымша жариялаймыз», - деді С. Әділов. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұр-Сұлтан қаласының Көктал шағын ауданының Болашақ көшесінде жастар төбелесіп, салдарынан 17 жастағы бозбала көз жұмды.