24 шіл, 2019 сағат 15:44

ІІМ: Биыл тоғыз мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды

Биылғы жылдың алғашқы жартысында 9379 адам Қазақстан азаматтығын алған. Олардың 7540-і - этникалық қазақ. Бұған қоса Қытайдан келген 724 қазақ Қазақстанда тұрақты тұруға (ықтиярхат – ред.) рұқсат алған. Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады Азаттық.

"2018 жылы барлығы 28800 адам Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Олардың 1194-і президент жарлығымен, 27606 адам жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алған. Осылардың 24874-і – этникалық қазақтар"делінген хабарламада.

Қазақстанда тұрып жатқан, бірақ азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан президентінің жарлығымен Қазақстан азаматтығы беріледі. Ал шетелден көшіп келген этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен ала алады.

ІІМ хабарлауынша, биылғы жылы "Көші-қон туралы"заңның 49 бабына сәйкес, Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алған, бірақ шетелде 183 күннен артық тұрған 694 этникалық қазақтың тұрақты тұру рұқсаты жойылған. Министрлік Қазақстан азаматтығын алғандардың нақты қай елден екенін ашып көрсетпеген.

Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сілтеме жасап, 2019 жылдың алғашқы жартысында 7000-ға жуық этникалық қазақтың Қазақстанға қоныс аударғанын хабарлаған болатын. Соның ішінде Өзбекстаннан - 3800, Қытайдан 1553 адам көшіп келген. Мұнан басқа Түрікменстаннан 532, Моңғолиядан - 402, Ресейден - 145, Ираннан - 62, Қырғыз Республикасынан - 46, Тәжікстаннан - 11, Түркиядан - 3 этникалық қазақ тарихи отанына оралған.