ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ПЦР анықтамаларын және вакцинация паспорттарын қолдан жасау және пайдалану фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша барлық шаралар қабылдауда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері ішкі істер органдары жалған ПЦР-тесттерін сату және пайдалану бойынша 45 қылмыстық іс және вакцинация паспорттарын сату және пайдалану бойынша 35 қылмыстық іс қозғады.
Еліміздің әуежайлары мен темір жол вокзалдарында азаматтардың ковид-мәртебесін «Ashyq» қосымшасы арқылы тексеру, сонымен қатар ПЦР-тесттердің және вакцинация паспорттарының шынайылығына тексеру күшейтілді.
Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, Алматы қаласындағы халықаралық әуежайда көлік полицейлері әуежай қызметкерлерімен бірлесіп, Түркия мемлекетіне демалуға ұшып баруды жоспарлап, ПЦР-анықтамаларды және билеттерді бейтаныс адамнан сатып алған жігіт пен қызды анықтады.
Сондай-ақ ол жалған ПЦР-тест анықтамасын пайдалана отырып, Беларусь Республикасына ұшпақ болған Шымкент қаласының тұрғынының ұсталғандығы туралы фактіні де айтты.
– Олар ұшаққа жіберілген жоқ. Осы аталған фактілер бойынша Қазақстан Респуликасы Қылмыстық кодексі 385-бабының 3-бөлігімен (Көрнеу жалған құжатты пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – деді О. Бекеев.
