21 жел, 2020 сағат 13:15

ІІМ ауа райы нашарлаған өңір тұрғындарына ұзақ сапарға шықпауға кеңес берді

Ауа райының нашарлауына байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі кей аймақ тұрғындарына ұзақ сапарға шықпауға кеңес берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ауа райы нашарлауы мүмкін өңірлердің қала сыртындағы жолдарын патрульдейтін экипаждардың жұмысы күшейтілді. 

«Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында ауа райының нашарлауына байланысты (қалың қар, боран, жолдың анық көрінбеуі) бірқатар жолда көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауа температурасы 20 градустан төмендейтіні болжанды.

ҚР ІІМ аталған өңір тұрғындарына жол жүруді шектеп, ауа райы мен жолдардың жай-күйі туралы хабарламаларды қадағалауды ұсынады.

Полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді сапарға шыққанда өте мұқият болуға шақырады», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

Ауа райы нашарлағанда автокөлік жүргізушілерінен жолға мұқият назар салу және дөңгелектерін уақытылы ауыстырып, қысқы кезеңге дайындалу талап етіледі. 

Барлық адамдар жолда қиын жағдайға тап болған жағдайда ішкі істер органдарының бөлімшелеріне 102 нөмірі бойынша тәулік бойы жүгіне алады.