Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мәскеудегі Кремль сахнасында ән салып, «НТВ» арнасының «Орталық телевидение» бағдарламасында қонақта болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ресейге барғаны туралы әнші Инстаграм парақшасында жазды. «НТВ» арнасындағы «Орталық телевидение» бағдарламасында маэстро Игорь Крутоймен бірге алғашқы дуэттің тұсаукесері өтті», - деді Д.Құдайберген.
Бірегей тембрімен әлем халқын тамсандырған Димашты осылайша, тағы бір ресейлік арна мойындап отыр. Шоуды әзірлегендер әншінің дауысының құпиясын ашпақ болады. Ресей шоу-бизнесінің нарығына батыл қадаммен енген әнші бағдарлама соңында композитор Игорь Крутойдың сүйемелдеуімен «Любовь уставших лебедей» әнін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
«Осы әннен кейін сен сөйлей аласың ба?», - деп сұрады таңданысын жасыра алмаған бағдарлама жүргізушісі Димаштан.
Өз кезегінде композитор Игорь Крутой Димаштың «Ресей публикасын баурап алатынын» айтып өтті.
Кейін Димаш аталмыш әнді Мәскеудегі Кремль сарайында Ресей Федерациясының Ішкі істер органдарының қызметкерлері күніне арналған концертте шырқады.
Айта кетерлігі, «Любовь уставших лебедей» әнін композитор Игорь Крутой мен ақын Михаил Гуцериев әйгілі француз әншісі Лара Фабиан үшін жазған болатын.
Сонымен қатар, Димаштың орындауындағы «Screaming» әніне түсірілген бейнебаян ресейлік «МУЗ-ТВ» арнасында көрермендердің ең көп дауысына ие болып, «музраскрутка» бағдарламасында көш бастаған еді.
Бұдан бұрын, қыркүйек айында қазақ әншісі Ресейде "Жаңа толқын" байқауында және "А-Студио" тобының 30 жылдық мерейтойына арналған концертте қонақ ретінде өнер көрсеткен-тін.
Ал, 19 қарашада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің қолдауымен Лондонда Димаш Құдайбергеннің концерті өтеді. Концерт билеттерінің бір күнде сатылып кеткені де белгілі.
Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген Қытайдағы "I am a singer" байқауына қатысқаннан кейін әлемде кеңінен танымал болды. Қазақ баласының таланты әлемдік жұлдыздарды, оның ішінде Джеки Чан, Лара Фабиан, Аль Бано және тағы басқаларды тамсандырды.