24 мам, 2022 сағат 18:25

Ибрагимова баспана бағасына болжам жасады


Отбасы банкінің басшысы Ляззат Ибрагимова баспана бағасына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Жартыжылдың қорытындысы бойынша баспана бағасының өсуі тежеледі деп ойлаймын. Бірақ жаһандық тұрғыда баға төмендемейді. Оған пандемияның әсері және әлемдік инфляция сияқты жаһандық факторлар жол бермейді. Қазіргі кезде азық-түлік қана емес, құрылыс материалдары да барлық жерде қымбаттады", - деді Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Осы орайда банк басшысы баспана бағасына әсер еткен бірнеше факторды атап өтті. Біріншіден, пандемия. Одан кейін демография.

"Былтыр бізде 450 мың бала дүниеге келген. Бұл – абсолюттік рекорд, өте жақсы көрсеткіш. Демек, қазақстандықтар болашаққа сенеді. Олардың барлығы баспанасын кеңейтеді, я болмаса, ата-анасынан бөлек шығады", - дейді банк басшысы.

Үшінші фактор – коронавирустың әсері. Пандемия кезінде адамдар үйде жұмыс істеуге болатынын түсінді. Ал төртінші фактор – зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану.

"Зейнетақы жинағын пайдаланудың әсері төрттен бір бөлігін алып отыр деп ойлаймын. Сондықтан осы мүмкіндік болмаған күннің өзінде баспана бағасы көтерілетін еді. Меніңше, шілдеге дейін жылжымайтын мүлік бағасының өсу қарқыны қалай баяулағанын көреміз. Ал жыл соңында тұрғын үй нарығында баға тұрақтылығы болады", - деп атап көрсетті Ибрагимова.

Банк басшысы қазақстандықтардың көкейінде жүрген сұраққа да жауап берді. Бүгінде зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен пайдалану азайғаннан кейін тұрғын үй бағасы күрт төмендейді деген пікір бар.

"Бағаның құлағанын күту керек дейді. Бірақ бұған дейін айтқан үш факторды да ескерген дұрыс. Негізгі фактор - әлемдік инфляция. Сондықтан сарапшы ретінде баға төмендейді деп айта алмаймын", - деді Ибрагимова.